Қазақстандағы киіктердің бір бөлігі Өзбекстанға көшірілуі мүмкін
Қазақстан мен Өзбекстан киік популяциясын сақтау және көбейту бағытында ортақ шаралар қабылдамақ.
Екі ел жануарлардың тарихи көші-қон бағыттарын қалпына келтіру, браконьерлікке тосқауыл қою, сондай-ақ киіктердің саны мен денсаулығын тұрақты бақылау жөнінде меморандумға қол қойды. Құжат аясында Қазақстандағы киіктердің бір бөлігін Өзбекстан аумағына көшіру мәселесі де қарастырылмақ.
Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, көрші елде киік саны күрт азайған. Әсіресе Арал маңындағы Үстірт популяциясының жағдайы алаңдатады. Бұл өңірде аталған топтан бірнеше жүз ғана жануар қалған.
Киіктер санының кемуіне олардың қалыптасқан көші-қон бағыттарының бұзылуы да әсер еткен. Бұрын Үстірт популяциясына жататын жануарлар Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арасында еркін қоныс аударған. Алайда шекара бойындағы қоршаулар мен жол инфрақұрылымы олардың табиғи қозғалысына кедергі келтіріп отыр.
2026 жылғы көктемгі санақ нәтижесі бойынша, Қазақстанда 4 миллион 689 мың киік тіркелген. Оның 119 мыңы – Үстірт популяциясына тиесілі.
Екі ел арасындағы келісім киіктердің табиғи мекендеу ортасын сақтауға, популяциялардың байланысын нығайтуға және сиреп кеткен жануарлар санын қалпына келтіруге бағытталған.