Н. САБИЛЬЯНОВ: «Бюджет қаржысы нақтыланған бағыттарға дұрыс жұмсалмайтыны алаңдатады»
Мәжіліс депутаттарының көптігінен жер қайысардай көрінгенімен, олардың арасынан елмен етене араласып, алыстағы ауылдарды жиі аралайтындардың қарасы санаулы екені шындық.
Көбіне Президенттің пәрменімен болып жататын өзгерістер кезінде ғана төбе көрсететін мәжілісшілердің қатарында есімін ел білмейтіндері де аз емес. Ал, қоғамдағы өзекті жайларды Парламент талқысына ұсынып, Үкіметке сауал жолдайтындардың арасында Нұртай Сабильяновтың үні естілсе, жұрт бірден назар аударады десек, артық айтқандық емес. Өйткені, кез келген шетін жайларды дер кезінде көтере білетін депутаттың сауалдары, ұсыныстары халықтың шешімін табуын күтетін мәселелерімен үндес келетінімен ерекшеленеді.Осы тұрғыда Парламент Мәжілісі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Құрылыс компаниялары «бір тереземен» қош айтысады-Сіз төрағалық ететін комитеттің араласуымен Мәжіліс қарауында қандай заңдар қабылдануын күтіп жатыр? Әңгімемізді осыдан бастасақ.-Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті ел ішіндегі әлеуметтік сұраныс тудыратын, халықтың көкейінде жүрген жайларды жете қарастырып отыратынын алдымен айтқаным жөн болар. Сол орайда комитет мүшелері өңірлерге ғана емес, аудандарға, ауылдарға жиі барып, халықпен кездесіп, мәселелерін біліп тұрады. Әсіресе, ауылды жерлердегі ауыз су, жол, қалалардағы тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлікті дамыту сияқты бұқара халық үшін қашанда маңызды салаларға жете көңіл бөледі. Жергілікті тұрғындар тарапынан осы салаға қатысты туындайтын сауалдар, проблемалар да жетіп артылады. Мәселен, республика аумағында жаппай салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының орындалу, жергілікті жолдарды жөндеу, су, білім объектілерін салу процесін алып қарайық. Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін лизензиясы бар 40 мыңнан аса компания бар екен. Олардың тәжірибесінің бар-жоғы, қанша нысандар салғаны, оның сапасы қандай болғанын, материалдық-техникалық базасын құзырлы орындар мен жергілікті әкімдіктер тексеріп жатқан жоқ. Соның салдарынан тендер арқылы объектілерді салуға қол жеткізген құрылыс компаниясы жеме жемге келгенде мойынына алған міндетін дұрыс атқармайды. Өзімен ымы-жымы бір тағы екі-үш компанияларды қосалқы мердігерлікке тартады да, негізгі жауапкершілікті солармен бөлісе салады. Бөліскенде де бюджеттен бөлінетін қаражатқа жауапкершіліктің 33 пайызын ғана өз үлесіне алады да, қалған 67 пайызын өзімен келісім-шартқа отырған мердігер компанияларға бөліп тастайды. Өз кезегінде қосалқы мердігерлер басқа компанияларға бере салады. Содан кейін жұмыс аяқталып қабылдап алғанда негізгі жауапкершіліктен жалтарып шығады. Құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуіне қосалқы мердігер компаниялар айыпты болып шығады да, нысанды алған негізгі компания тасада қалады. Содан барып үлескерлер дауы, қаржылық мәселелер көбейіп, жемқорлықтың да беті ашыла бастайды. Енді бұлай болмайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік субьектілерінің сатып алу мәселелері туралы» Заң жобасына сәйкес, негізгі компания тендерден ұтып алған нысан құрылысының 50 пайызына жауапты болады да, қалған 50 пайызы қосалқы мердігер компанияларға жүктеледі. Қосалқы мердігерге жұмысты басқа мердігерге беруге жол бермейді. Одан кейін тағы бір жемқорлық асқынып тұрған мәселе – «бір көзден алу» ұғымын қолданыстан шығару қажеттігі күнтәртібінде тұр. «Бір көзден алу» дегеніміз не? Мәселен, бір нысанның құрылысын салу конкурсына 6 компания қатысады. Конкурс өтпеді деп танылған кезде, сол конкурсқа қатысқан бір компанияға құрылыс жұмыстары беріледі. Қайтадан конкурс өтпейді де, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жеңімпаз компания ары қарай шаруасына кірісе беретін. Бұл көбіне жергілікті атқарушы биліктің тендерді өздері қолайлы көретін құрылыс компанияларына жығып беруіне жол ашатыны белгілі болып отыр. 2017 жылы мемлекеттік сатып алудың 63 пайызы осы ««бір көзден алу тәсілі» бойынша кеткені анықталып отыр. Енді бірінші конкурс өтпеді деп танылса, міндетті түрде қайтадан екінші рет конкурс өткізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды көбінесе бағаны 30-50 пайызға дейін түсіру арқылы ұтып алатындар көбейіп кетті. Бұл құрылыстың сапасына, бюджет қаражатының тиімді пайдалануына кері әсерін тигізеді. Осы заң жобасында оған жол бермейтін де норма бар.Сондай-ақ, мердігерлерге, әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары да қатайтылатын болады.-Алдағы жылдың республикалық бюджет жобасы туралы Заңда қай салаларды қаржыландыру қарастырылған? — «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы» Заңды қазір Парламент қарап, мақұлдады. Президент Жолдауына сәйкес ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтуға 2019 жылы бюджеттен 100 млрд.теңге бөлінеді. Бұл ауылдарды таза сумен қамтамасыз етуге үлкен серпін берді. Бұрын бұл мақсатқа 35-40 млрд теңге бөлінетінін ескерсек, екі еседен астам қаражат қарастырылып отыр. Жалпы алғанда республикамыздағы ауылдардың 53 пайызы, қалалардың 87 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықталған екен. Шығыс Қазақстан облысы бойынша айтар болсақ, облыстағы 724 елді мекеннің 48 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Біз Мәжілісте елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесін жиі көтереміз. Өткен жылы осы мәселеге байланысты Парламент Мәжілісі Парламенттік тыңдау өткізді. Ауылдардың жағдайына, жасалған жобаларға байланысты, ауыз суға орташа ауылға – 400 млн теңге бөлінсе, енді ірі ауылға 900 млн теңге бөлініп жатады. Шағын елді мекендерді жергілікті әкімдіктер ұқсата білсе, 40-50 млн. теңгеге сумен жабдықтауға болады. Биыл ШҚО бойынша 40-қа жуық елдімекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 12 млрд. теңге бөлінген. Ендігі жылы да су объектілерін салуға 10 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.Мемлекет басшысының биылғы жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыруға 2019 жылы 327,1 млрд. теңге бағытталатын болады, оның ішінде:
- ең төмен жалақы мөшерін арттыруға – 96,7 млрд. теңге;
- білім беру объектілерін салуға – 24,8 млрд. теңге;
- агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 100 млрд. теңге;
- жалға берілетін тұрғын үй салуға арналған шығыстарды ұлғайтуға – 10 млрд. теңге.