Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 13 Мамыр 2024

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтініш беру қашан аяқталады?

а
Фото: из открытых источников

Қазақстанда «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына» 10 мамырдағы жағдай бойынша 17 мыңнан астам адам өтініш берген. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова хабарлады.

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер 25 сәуірден бастап қабылданып жатыр. Өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. 

«10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы – 3955 өтінім тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен. Бұл көпбалалы отбасылар, жетім балалар, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар. Гендерлік бөліністе қарайтын болсақ, өтінімдер арасында 57% әйелдер жолдаған. Барлық өтініш берушілердің 62% 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас үміткер – Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны», - деді спикер.

Сонымен қатар, өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылған. Үміткерлер маусым айының соңына дейін 1,5 ай ішінде өтініш бере алады.Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейтін болады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. 

«2 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Тағы 5 008 өтінім бойынша мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде және жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтуде.

Фото: ортком