Өңір

Назарым ҚАСҚАТАЕВ. Қалада орындалған арманның белгісіз кемшілігі

Қалада орындалған арманның белгісіз кемшілігі — Ехееу дүние-ай, бізге де бір күн келермісің бұралқы иттей бұратылып.

Назарым ҚАСҚАТАЕВ.  Қалада орындалған арманның белгісіз кемшілігі
Шаршаңқырап шыққан діріл аралас бәсең дауыс күрсіне шыққан деммен жағаласты да, кенет үнсіз тыныштыққа ұласты. Мына бір шерлі сөздерден кейін дауыс иесін қала тұрғыны емес, тебіренген қыр қариясы ма дерсің. Бірақ көкірегіндегісін кере суырып, көкейдегі кемшілікті көлдете шығарған қарт емес, жанарынан от ұшқындаған, жалындап тұрған жап жас жігіт еді. Жұмсақ кереуетте жап жаңа, күмпейіп көрінген көрпе үстінде көсіле жатқан азаматты көріп, еш қайғысы жоқ, бай манаптың баласы деп ойлап қаласың. Бұл кезде Қажымұраттың жиырма алтыға енді толған уақыты болатын.Осыдан он жыл бұрын ауылдың еңбекке толы тіршілігін “бинет” — деп санап, таңнан кешке дейінгі мал соңында салпақтап, сабылып, сарылып өткізген уақытты азапты тағдырға балап, «қалада оқу оқимын», деп алды-артына қарамастан қашып келген еді. Ендігі қала тіршілігіне үйреніп, сіңісіп те қалған болатын. Қалада өткізген он жыл Қажымұраттың өміріне оңай жолдар тосып тұрмады, қайта қаршадай баланың қабырғасын қайыстыра қайраған сынақтар бірінен соң бірі қарсы алып тұратын. Сұстана күтіп тұратын сансыз сынақтар мен кездейсоқ кедергілер әуелде үлкен мақсатпен, қала өміріне деген қызығушылықпен келген көңілді тойтара алмады.Қалаға алғаш келген де қонарға жер таппай ескі үйдің жер төлесін паналағантын. Онан кейін қала шетіндегі таныс кісісінің жер үйіндегі моншасында да тұрды. Пәтерден пәтерге көшіп қаланың түкпір түкпірінде тұрып шықты. Көшерге көлік таппай автобуспен көшкен күндерін еске алса күлкісі келетін. Аз жалақы жетпей көктемгі кездерде жұмыстан келгенсоң тамақ ішпестен киім ауыстыра сала, ел-жұрттың бақшасын қазып, амалдап күн көретін. Апта бойы аш жүріп құр суды тамаққа талғам етіп жүретін кездеріде болатын. Асқазанда қортуға қорек болмағандықтан түннің бір уақытында ұйқысы қашып, шегі шұрқырап дала кезіп кететін. Сонда да Қажымұраттың қабағында мұз қатқан, я басын төмен салып түнерген кезі болмаған. Оның болашаққа деген жарқын көз қарасы ешқашан өзгерген емес, өшпейтін, аяқталмайтын, алдамайтын, шегі жоқ ұшан теңіз сенім.....Осының бәрі неге екені белгісіз Қажымұраттың ойына оратылып келіп түсіп жатты. — Өткен өмірімді ойлап қарап отырсам бұл да бір проза сияқты екен ғо, — деген күбірін естіген әйелі: - Сандырақтамай сатып алған, мұздатқышты күтіп ал, жеткізушілер ендігі келіп қалғанда болар, — деп, баж ете түсті. –Күн ұзаққа жата бергеннен шаршамайсың ба? — деп тағы килікті. Бүгіндікке осы ғана еді отырғаны, оның өзін өсіре ұлғайтып айтқанда Қажымұраттың ашуы самайына дейін көтерілді де, қайта түсті. Себебі қанша қаһарына мінсе де, қызара бөртіп, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қатынының қасарыса жеңбей тынбайтынын жақсы білетін еді.Қала өміріне өзін қинап бейімдеген Қажымұраттың тұла бойы шабыт пен шығармашылыққа толы еді. Жырлай кетсе кез келген тақырыбыңды тәптіштеп, тереңінен қопарып, әсерлеп, әспеттегенде қасындағылардың өзі ауыздарынан су аққанша таңданып, тамсанатын. Қонақ ортасына кірсе көпті аузына қаратып, ұйытып әкететін қасиеті тағы бар. Өлең айтса әуелетіп жүрек түпкіріне төтелей жетіп, адам жанын емдейтіндей жұмсақ даусын айтсайшы. Онымен қоса адамды үшкіріп емдейтін тылсым күшіде бар, бірақ дарыны бойында тулаған жас жігіттің алдына қойған мақсаты бөлек, ұстанымы басқа болатын. Жігіт бала күнінде көрген кино кейіпкерлері сияқты: ешқандай дарыны мен талантын араластырмай ақыл-санасын пайдалана отырып, кәсіп ашып, жеке кәсіпкер болғысы келетін. Бұл арманға бастаған негізгі ой: оның бала күнінде көрген дүние тапшылығы мен туа сала киілген кедейліктің кебіні еді. Арман-мақсат жолында адаспасы үшін аңқылдаған ауыл қызын емес, қақсал қасқырдай қала қызын таңдап үйленген болатын. Бір қызығы, Қажымұрат өзінің қандайда болмасын қабылдаған шешімін қате болсын, дұрыс болсын не өкініп, не мақтанып айтқан емес, ең бастысы “арман” сатысынан артқа адымдамаса болғаны.Қажымұраттың бұл қалаға келгелі мінезі өзгерген, кез келген мәселені ой елегінен өткізіп, түп тамырына дейін зерттеп-зерделеп барып тұжырымдайтын. Аласапыран болып, аспан айналып жерге түссе де өзімдікі деген істе байыпты әрі мұқият болатын. Осы мінезінің арқасында қызметі жоғарылап, білдей бір бөлімнің басшысы болды. Басында, мемелекеттік қызметке орналасқанда –“қырық мыңға қалай күн көресің”- деп жолдастары мен ағайын-туыстары кекетуші еді, ал енді қазір қаладағы әкімшілік ішінде беделі артқан азамат. Жақындай кетсе жақындарының бәрі бұйымтайын айтып, шешімі шешілмей жүрген шаруашылықтарын ретке келтіріп алатын. Қажымұрат еш бір тума-туыстың кеудесінен итеріп, өтінішін жерге тастаған емес, қайта дер кезінде көмектесіп, сауабын алып, алғысқа бөленетін. Көп тілегі көл демекші алғысқа бөленген Қажымұраттың “өзімдікі” — деген екі көлігі бар: бірі әйелінде, екіншісі күн ұзаққа есіктің алдында қозғалмай тұрады, (ауладағы, өткен-кеткен, жас балалар қасына тұрып, фотоға түсіп, әлеуметтік желіге жарыса қойып, мақтанып жатады ) жеке басына берген жұмыстың қызметтік көлігі және бар. Ол тіпті керемет, күш жұмсамай “батырма” — деген бірдеңемен-ақ жүргізе бересің. Мемлекет берген төрт бөлмелі пәтері тағы бар, іші толы жаңа дүние, қарасаң әдемілік пен көркемдіктен көзің талады. Қала әкімі кілтін өз қолымен табыстаған, барша халықтың көзінше қолын қысып тұрып сыйлаған болатын. Ерен еңбегін елеп, қалалық әкімшілік талай мәрте шақырып, жаста болса кеудесін төстаңбаға толтырып, ақшалай сыйақысында беріп тұратын. Үкімет жағдайын жасап, шашбауын көтеріп қойғанын осы домалана жатқан, кең сарайдай үйінен білуге болады. Сол үйдің ішінде тәрбиелі ұлы мен қызы отыр, оларды ереклетіп қарт ана мен қарт әке отыр. Бір жағын сүйреген адал жары олда көз алдында. Сонда да Қажымұраттың жүрегінде бір кедейлік бар. Не жетіспейді екен ә?.. Бұл Қажымұраттың кедейлігі емес, оның жүрегінде бір кем дүниенің барлығы: тумысынан жоқшылық көргендігі, я болмаса бойындағы дарынды шығармай тұншықтырып ұстауы, я болмаса қанағат пен шүкірді ұмытуы, немесе арман шыңының шексіз биіктеуі, тіпті болмаса бәсекелестеріне деген көре алмаушылық қасиетінің бойын шарпа өртеуі. Ал сіз не ойлайсыз?...Кенет Қажымұрат әсем де, жұмсақ әуезді үнмен үйдің ішін әнге толтыра, шырқалтып, әуендете жөнелді. Ешбір кедергісіз шыққан дауыс аспанға әуелей көтерілді. Оныңда жан дүниесі көкке өрлеп, самғап кете берді. Жүрек түбінен шыққан өлең күллі жер бетіне есітіліп жатқандай. Әні де, сөзі де өзінікі, домбырада жіптіктей байланыса кетті. Көңілді тебірентіп, тербете әлдилеп, құлақтың құрышын қандырған үн ақырын баяулай бәсеңдеп барып үзілді. Сәл кешірек кейіндей домбыраның назды қоңыр даусыда тоқтап қалды. Осы мезгілде ғана Қажымұраттың жаны өзі қалаған орнына орналасқандай, мазасыздықтан арылып, бір бақытты күйді басынан өткізді.Фото: alau.kz
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз