Не тілі, не жері жоқ қазақ қайтіп күн көрер?
Жер – адам өмірінің басты қайнар көзі екендігін жазып отырған мені, білгіштігінің түрін қара деп сөкпеңіздер.
Жерсіз адам баласының өмірі болмайтыны белгілі. Кезінде Қазақстан Кеңес Одағының астық қоймасы және ірі мал базасы болып саналды. Басқа жетістіктерімізді тізбелеп айтпай-ақ қойғанда, республикамызда өндірілген тауарлы астықпен 100 млн халықты нанмен қамтамасыз етіп, одақтық қорға 360 млн тонна жоғары сапалы ет өткізіп отырдық. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздегі жүздеген өңдеу өнеркәсіптерін шикізатпен үзбей қамтып тұрды. Тамақ пен жеңіл өнеркәсіптер тауар айналымының 70-75% беретін. Ал бұл салалар бюджетті құратын негізгі тірек болды. Осы және басқа да пайдалы көрсеткіштеріміздің болуы, құрылыстың кең өріс алуы тек қазағымыздың жерінің арқасы екені айдан анық.
Бүгінгі күні тамақтың барлық түрі дерлік, өнеркәсіп тауарлары басқа мемлекеттерден әкелініп, жұмыссыз, ақшасыз әрең күнелтіп жүрген қарапайым халық оларды аса қиындықпен, қымбат болса да сатып алып күн көруде. Әрине, киімді күнде алмас, ал тамақсыз күні жоқ, аштан өледі ғой.
30 жылдан бұрын Қазақстанымызда неше жүздеген әртүрлі саладағы завод, фабрика, өнеркәсіп орындары, ауыр машина жасайтын ірі заводтар, металлург заводтары, ет пен сүт комбинаттары, малдың барлық түрінің асылтұқымды порода шығаратын заводтар, колхоз, совхоздары мен фермалары болды ғой. Мұның барлығы Отанымызға пайдалы еңбек етіп, жоспарлы түсімділікпен жұмыс жасады.
Қазақстанда 1992 жылдың басында 2523 совхоз бен колхоздар жұмыс істеді. 1990 жылы елімізде 197,5 млн гектар жер, оның 35,5 миллионы өңделетін жер, егін алқаптары бар еді. 36,2 млн қой, 10 миллионға жуық ірі қара, 2 миллионға жуық жылқы, 3,2 млн шошқа, 59,5 млн құс болып еді. 28,5 млн тонна астық, 1,3 млн тонна таза ет, 5,6 млн тонна сүт, 4,2 млрд дана жұмыртқа, 107,5 мың тонна жүн алынатын. Осы өндірілген шикізаттарды жоғарыда көрсетіліп отырған завод, фабрикалар өңдеп, даярлап халқымызға беріп, артығын шетелге экспортқа шығаратын. Кейінгі бастықтар, өнеркәсіптер мен заводтарды, колхоз бен совхоздарды, мал бастарын түгін қалдырмай талан-таражға салып, сатып, жеке адамдар иемденіп жоқ қылды. Жердің асты мен үстіндегі басқа да, халық дүниесін түгелімен коммерциялық жолмен сатып, мемлекет кассасына бір тиын түсірмей, барлығын өздері пайдаланып кетті. Өнеркәсіптерімізді шикізатпен қамтамасыз етіп отырған колхоз, совхоздарымызды таратып жоқ қылғаннан кейін, солардан қалған жерді сатамыз да сатамыз деп, қарапайым халықтың болашағына балта шапқалы отырған жайы бар. Өйткені Қазақстанда басқа сатылмаған ешнәрсе қалмады. Жер сатылып кетсе, қазақ мемлекеті жоқ болады. Бірақ халықтың көпшілігі бұл сұмдыққа көңіл бермей жүр. Қарауында 800-ден астам жазушысы бар Ұлықбек Есдәулет бастаған азаматтар, осы құрып таусылып бара жатқан Қазақстанымызды көріп, біліп отырып, біреуі бір жапырақ қағаз жазып, кемшілікті көрсеткісі жоқ. Жазушы екенсің, журналист екенсің көргеніңді жаз, өтірікке баспа.
Құрметті оқырмандар, бас көтеріп, алды-арттарыңызға қарап, Қазақстанымыз бұрын қалай еді, не болдық дегенді ойлап, қолы жеткендерің үлкен бастықтардан жөн сұраңдар, жазыңдар.
Бұл болашағы зор бала-шағамыздың, қазақ мемлекетін сақтап қалудың қамы. Жерді басқалар алып кетсе, қазақ мемлекеті жоқ болады. Халықтың көпшілігі үйінде күбірлеп, бастықтардың істеп жатқанын көріп-біліп отырған, отбасында күшті оппозиционерлер. Осы жазғанымды оқып отырып, мойындамасқа амалдарың жоқ.
Дат газетіне осы жылдың 15 қазанында шыққан, Құрметті Мақсұт Қалыбаев бауырымыздың «Жер кадастры қайда?» атты мақаласын қазақ халқы біреуі қалмай оқысын. Көп мәселеден хабардар болады. Әсіресе, Жазушылар Одағында үндемей отырған жазушылар оқысын. Бұл дүниеде не болып жатқанын білсін.
Көп созбай айтарым: Қазақстаннан 1 метр жер шетелге сатылмасын, жалға берілмесін. Қытайдың көзіне түсіп соқыр қылмай тұрғанда, шетелдерде өз жеріне жете алмай жүрген қазақтарымызды тез арада көшіріп алып, қытай көздеп жүрген бос жерімізге орналастыру керек. Оларға мемлекет аздап көмек берсе, үй-жайын өздері салып алады. Сөйтіп, іргелі ел-жұрт болған соң, кіші-гірім өнеркәсіп орындары ашылып, жұмыссыздар саны азаяды. Бұл – болашағы зор үлкен іс.