Қоғам

NEET жастардың санынқалай азайтамыз?

Жас буынның білім алуы, еңбек нарығына бейімделуі және қоғамдық өмірге белсенді қатысуы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей ықпал етеді. Сондықтан Қазақстанда жастар саясаты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылып келеді.

NEET жастар

Жастар саясатының басты мақсаттарының бірі – NEET санатындағы жастардың үлесін азайту. Бұл санатқа жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби дайындықтан өтпейтін жастар кіреді. Қазіргі уақытта Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құрайды. Ал NEET санатындағы жастардың үлесі 6,3 пайыз шамасында. Аймақтар арасында бұл көрсеткіш әркелкі: ең жоғары деңгей Маңғыстау облысында – 9,8%, Ұлытау облысында – 8%, Жетісу облысында – 7,4% тіркелген.

Жаңа тұжырымдама бойынша 2029 жылға қарай NEET жастардың үлесін 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін білім беру, еңбек нарығы және әлеуметтік қолдау тетіктерін біріктіретін кешенді шаралар қарастырылған. Елімізде жастарды жұмыспен қамту және кәсіби бағыттау мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында: «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» сияқты жобалар бар.

Бұл бағдарламалар жастардың еңбек тәжірибесін жинауына, алғашқы жұмыс орнын табуына және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар өңірлік деңгейде де бірқатар жобалар іске асырылуда. Мысалы, Астанада жүзеге асырылып жатқан JOLTAP жобасы сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді курстар ұсынады. Бағдарлама аясында 13 кәсіби мамандық және 7 цифрлық бағыт бойынша оқыту жүргізіледі. Олардың қатарында SMM, таргетинг, графикалық дизайн, видеомонтаж және веб-дизайн сияқты салалар бар.

Жоба аясында қатысушылар теориялық білім алғаннан кейін өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейбір жастар практикадан кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатады. Сонымен қатар jumystap.kz платформасы арқылы жастарға жұмыс табу мүмкіндігі жеңілдетілген.

Жастарды тек еңбек нарығына тарту ғана емес, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру да маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта түрлі қоғамдық жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елордада 200-ден астам экологиялық және әлеуметтік шара өткізілген. Оның ішінде «Стоп вандал» акциялары, әлеуметтік флешмобтар және экологиялық бастамалар бар.

Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған орталықтар да жұмыс істейді. Мысалы, «Замандас» жастар коворкингі түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттарды ұсынады. Мұнда арт-терапия, психологиялық және құқықтық кеңестер, сондай-ақ отбасы құндылықтарына арналған курстар ұйымдастырылады. Ал ProFit және «Үркер» аула клубтарында спорттық жаттығулар мен білім беру бағдарламалары өткізіледі.

Жастармен жұмыс істеуде жастар ресурстық орталықтары маңызды институттардың бірі болып саналады. Ресурстық орталықтар жергілікті деңгейде жастардың мәселелерін анықтап, оларды шешу жолдарын ұсынатын негізгі алаңға айналуы тиіс. Бұл орталықтар жастарды ақпараттандыру, кеңес беру және түрлі бағдарламаларға тарту арқылы олардың әлеуметтік және кәсіби дамуына ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалардың тиімділігі жастардың бағдарламаларға нақты қатысу деңгейіне, өңірлік еңбек нарығының мүмкіндіктеріне және білім беру жүйесінің еңбек нарығымен үйлесуіне байланысты болмақ. Сондықтан алдағы кезеңде жастар саясатының басты міндеті – қолданыстағы бағдарламалардың нәтижелілігін арттырып, жастардың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасау болмақ.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: NEET жастар
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз