Непалдағы жойқын апат: қаза тапқандар саны 626-ға жетті
Непалда болған жойқын табиғи апаттан қаза тапқандар саны 626 адамға жетті. Соңғы мәлімет бойынша, тағы мыңдаған адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданы шекарасында алапат сел мен су тасқыны болды. Толассыз жауыннан кейін тау өзендері арнасынан асып, лай, су және тау жыныстарынан құралған тасқын елді мекендерді басып қалды.
Апат әсіресе Бхотекоши және Тришули өзендерінің аңғарларына үлкен зардап әкелді. Тасқын үйлерді қиратып, автомобиль жолдары мен көпірлерді шайып кеткен. Құтқарушылар үйінділер мен лай астынан адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Сондықтан құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін.
Табиғи апат Қытайдың Тибет аумағына да әсер етті. Онда да адам шығыны тіркеліп, бірқатар елді мекен зардап шеккен.
Қазақстандықтар да іздестіріліп жатыр
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, апат болған аумақта қазақстандық туристер де болуы мүмкін. Бұған дейін Непалда жоғалғандар арасында бір Қазақстан азаматы бар екені хабарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Непалдан Қытайға өткен туристік топтың құрамында болған.
Кейін екінші қазақстандықтың іздестіріліп жатқаны белгілі болды. 29 тамызда СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов табиғи апат аймағында үшінші қазақстандық турист те болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақстандық дипломаттар Непал және Қытай билігімен байланыста. Отандастарымызды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.