Нетаньяху «Хезболлаға» жаңадан шабуыл жасауды бұйырды
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливандағы «Хезболла» қозғалысының нысандарына соққы жасауды тапсырды.
Бұл туралы BILD хабарлады.
Израиль армиясының мәліметінше, «Хезболла» содырлары атысты тоқтату режиміне қарамастан, Оңтүстік Ливандағы Кантара ауданы маңында дрондар арқылы шабуыл жасаған. Сонымен қатар әскерилер танкіге қарсы зымырандар жасырылған қойманы анықтап, 15-тен астам содырдың көзі жойылғанын мәлімдеді.
Израиль мен Ливандағы шииттік «Хезболла» ұйымы арасындағы қақтығыс бірнеше аптадан бері жалғасып келеді. Оның басты себептерінің бірі – ұйымның Иран билігімен тығыз байланысы. Тегеран ұзақ жылдар бойы «Хезболланы» қару-жарақ және қаржылай қолдап келеді, соның нәтижесінде бұл ұйым Ливан ішінде «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналды.
АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін «Хезболла» одақтасын қолдап, қақтығысқа араласты. Содан бері Израиль аумағы тұрақты түрде зымыранмен атқыланып отыр. Ресми түрде атысты тоқтату режимі күшінде болғанымен, іс жүзінде ұсақ қақтығыстар тоқтамаған. АҚШ президенті Дональд Трамп бітімді тағы үш аптаға ұзарту туралы мәлімдеген еді. Алайда қазіргі жағдай бұл келісімнің іс жүзінде бұзылғанын көрсетіп отыр.
АҚШ тарапынан әзірге нақты реакция болған жоқ. Бұған дейін Пәкістанда өтуі тиіс болған бейбіт келіссөздер нәтижесіз аяқталған: ирандық делегация келіссөзден кетіп қалса, америкалық өкілдер мүлде келмеген.
Қазіргі таңда Иран төңірегіндегі жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз. Соғыс басталғалы бері әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазы жабық күйінде қалып отыр. Бұл жаһандық энергетикалық нарыққа да елеулі қауіп төндіріп отыр.