Әлеумет

Нетаньяху: Иран ұлдарымның бірін өлтіруге әрекет жасады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран оның ұлдарының бірін өлтіруге әрекет жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Израильдің Channel 14 телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Нетаньяху

«Иран менің ұлдарымның бірін өлтіруге тырысты», – деді Нетаньяху.

Алайда Израиль премьері екі ұлының – Яир мен Авнердің нақты қайсысы туралы айтып отырғанын ашып айтпады. Сондай-ақ болжамды қастандықтың қашан және қандай жағдайда жасалғаны туралы да мәлімет бермеді.

Нетаньяхудың бұл мәлімдемесі Израиль армиясы Бас штабының бұрынғы басшысы Гади Айзенкоттың қауіпсіздігіне қатысты пікірталас жүріп жатқан тұста айтылды. Айзенкот алдағы сайлауда Нетаньяхудың негізгі саяси қарсыластарының бірі саналады.

Премьер-министр Айзенкотты тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етуге шақырды. Оның сөзінше, Иран тарапынан төнетін қауіп жағдайында қауіпсіздікті күшейту «артықшылық емес, нақты қажеттілік».

Кейін израильдік журналист Амит Сегаль Нетаньяхудың ұлына қастандық жасалуы мүмкін екені туралы ақпарат арнайы қызметтерге бірнеше ай бұрын белгілі болғанын хабарлады. Алайда осы уақытқа дейін бұл ақпаратты жариялауға қатаң цензуралық тыйым салынған.

Әзірге Нетаньяхудың қай ұлы нысанаға алынғаны және болжамды қастандық жоспарының қалай жүзеге аспай қалғаны туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз