Нетаньяхуға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялануы мүмкін
Түркия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Интерпол арқылы халықаралық іздеуге беруге ниетті.
Елдің Әділет министрлігі Ішкі істер министрлігіне Нетаньяхуға қатысты Интерполдың «қызыл хабарламасын» шығару жөнінде өтініш жолдауды ұсынды.
Түркияның әділет министрі Акын Гюрлек 21 тамызда ведомствоның Ішкі істер министрлігіне тиісті өтініш жібергенін мәлімдеді. Онда Интерполдан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты «қызыл хабарлама» шығару сұралған.
Анкараның бұл қадамы бұған дейін Ыстанбұлдың Жоғарғы қылмыстық соты Нетаньяхуды қамауға алу туралы ордер бергеннен кейін жасалып отыр.
Істің қозғалуына 2026 жылдың мамырында Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізіп бара жатқан Global Sumud флотилиясының Израиль тарапынан тоқтатылуы негіз болған.
Reuters мәліметінше, сол оқиға кезінде Израиль әскерилері халықаралық суларда Global Sumud флотилиясына тиесілі кемінде екі кемеге оқ атқан. 40 елден келген жалпы саны 430 белсенді ұсталған.
Түркияның әділет министрі Гюрлек Анкара Израильді жауапқа тарту үшін қолда бар барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын мәлімдеді.
Ал Израиль премьер-министрінің кеңсесі Түркия тарапының айыптауларын жоққа шығарып, Анкараның әрекетін сынға алды. Нетаньяху кеңсесі Reuters-ке берген мәлімдемесінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Израиль басшылығы мен әскерилеріне қысым көрсету әрекеттері нәтиже бермейтінін айтқан.
Интерполдың «қызыл хабарламасы» ұйымға мүше мемлекеттің сұрауы бойынша шығарылады. Ол әлем елдерінің құқық қорғау органдарына белгілі бір адамды анықтап, экстрадиция мәселесі шешілгенге дейін уақытша ұстау туралы өтініш болып саналады.
Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін күрт шиеленісті. Шабуыл салдарынан Израильде шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам кепілге алынып, Газа секторына әкетілді.
Бұдан кейін Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялап, Газа секторында ауқымды әскери операция бастады. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, соғыс кезінде 70 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланған. Бұл статистикада қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар жеке көрсетілмеген.