Ниғматулиндер металлургиядағы ірі активтерден айырылып жатыр
Қазақстандағы ірі ферроқорытпа активтері — YDD Corporation және Asia Ferro Alloys кәсіпорындары Инвестициялық консорциумның бақылауына өтуі мүмкін. Консорциум қатысушыларының бірі — Нұрсұлтан Жиенбаев.
Бұл туралы Inbusiness.kz хабарлады.
Мәліметке сәйкес, консорциум жоғары сапалы ферроқорытпа өндіретін YDD Corporation компаниясын сатып алу жөніндегі алдын ала келісімге қол қойған.
Сонымен қатар тараптар тағы бір профильдік актив — Asia Ferro Alloys бойынша да келіссөз жүргізіп жатыр. Консорциум кәсіпорынды бірлесіп басқару және кейін оның 100 пайыз үлесін сатып алу құқығына ие болуы мүмкін.
Нұрсұлтан Жиенбаев 2020 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Ал Ниғматулиндер әулеті дәл осы өңірден шыққан. Қазір аталған екі кәсіпорынның иесі ретінде осы отбасы аталады.
Хабарламада мәмілені жабуға дейін корпоративтік, заңдық және қаржылық рәсімдер аяқталып жатқаны айтылған. Алайда келісімнің нақты коммерциялық параметрлері жарияланбаған.
Бұған дейін Ниғматулиндер әулетіне қатысы бар YDD Corporation ферроқорытпа зауыты жұмысын тоқтатқанын хабарланған еді. Кәсіпорында 528 адам еңбек еткен, оның 442-сі жұмыстан кеткен.
Нығматулиндер әулеті туралы
Кәсіпорынның тең иелері қатарында:
-
бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерлан Нығматулин;
-
кәсіпкер Дінмұхамед Идрисовтың ұлы Жармұхамед Аппаз;
-
Давид Кемертелидзе бар.
Соңғы жылдары Нығматулиндер әулетіне қатысты рейдерлік, қаржы жымқыру және басқа да ауыр айыптаулар жиі айтылып жүр. Атап айтқанда, олардың ағасы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланған. Жақында оның Португалияда жасырынған болуы мүмкін екені туралы хабар тарады.
Арғын Нығматуллинның жұбайы Найле Бельбаева Мальтада тіркелген Heartwood Limited компаниясы арқылы осы елде құны шамамен 3 млрд теңгеге бағаланатын виллаға иелік етеді. Егер Арғын Нығматуллин расымен Еуропада жасырынса, бұл оны Қазақстанға экстрадициялау процесін едәуір қиындатуы мүмкін.
Нығматуллиндерге тиесілі вилла Португалияның оңтүстігіндегі курортты Картейра қалашығында орналасқан. Ең жақын ірі қала — Лагуш (шамамен бір сағаттық жол), ал астана Лиссабонға дейін үш сағатта жетуге болады. Картейрада 25 мыңға жуық тұрғын бар. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бұл аймақ ауқатты португалдықтардың демалыс орны ретінде дамыған. Мұнда «Көк жалау» мәртебесіне ие жағажайлар, термалды бұлақтар мен гольф алаңдары бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ІЗДЕУДЕГІ НЫҒМАТУЛИННІҢ БИЗНЕСТЕРІ МЕН РЕЙДЕРЛІК ІСІ
Қалашықтың маңындағы Fonte Santa («Қасиетті бұлақ») ауданында, Loule' Velho көшесінде орналасқан бұл зәулім үй Heartwood Limited компаниясының атына рәсімделген. Компания 2004 жылы Мальтада тіркелген, иесі – Найле Бельбаева. Google Earth деректеріне қарағанда, бұрын бұл жерде классикалық стильдегі, қызыл шатырлы, бағы мен бассейні бар вилла болған.
2017 жылы ескі үй бұзылып, орнына заманауи хай-тек үлгідегі жаңа вилла салынған. Қауіпсіздік мақсатында Нығматуллиндер бұл нысанның Google Street View-тегі көріністерін жапқан. Дегенмен, бұрынғы КСРО елдерінен шыққан ауқатты адамдарға тән ерекшелік — биік қоршау — бұл үйді өзгелерден айқын ерекшелендіріп тұр. Аймақтағы осындай жылжымайтын мүлік орта есеппен 5 млн еуро шамасында бағаланады. Ал бұл нысанның нақты құны (ескі үйді бұзу мен жаңасын салуды қоса есептегенде) белгісіз.
Сарапшылардың пікірінше, өндірістің тоқтауы тек экономикалық себептермен ғана емес, осы даулар мен тергеулердің әсерімен де байланысты болуы мүмкін.
Іс бойынша тексерулер мен тергеулер жалғасып жатыр.