Сараптама

Норвегияда балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салынуы мүмкін

Норвегия үкіметі 2026 жылдың соңына дейін 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды көздейтін заң жобасын парламентке енгізуді жоспарлап отыр.

телефон

Бұл туралы елдің премьер-министрі Йонас Гар Стёре мәлімдеді.

Үкіметтің ресми сайтында 24 сәуірде жарияланған баспасөз хабарламасына сәйкес, заң жобасы әлеуметтік желілерді пайдалануға жас бойынша шектеу енгізуді қарастырады.

«Біз бұл заңды енгізіп отырмыз, себебі балалық шақ балалық күйінде қалуы керек. Ойын, достық және күнделікті өмір алгоритмдер мен экрандардың ықпалында қалмауы тиіс. Бұл – балалардың цифрлық өмірін қорғау үшін маңызды қадам», – деді Йонас Гар Стёре.

Заңға сәйкес, шектеу бала 16 жасқа толатын жылдың 1 қаңтарынан бастап алынып тасталады. Яғни, әлеуметтік желілерге кіру құқығы мектеп оқушылары үшін бір мезгілде ашылып, ол кезде олардың жасы кемінде 15-те болады.

Цифрландыру және мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі министр Карианне Тунг технологиялық компаниялар жас шектеуінің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.

«Балалардың тыйым салынған платформаларға кірмеу жауапкершілігін олардың өздеріне жүктеуге болмайды», – деді ол.

Министрдің айтуынша, компаниялар тиімді жас тексеру жүйелерін енгізіп, заңды алғашқы күннен бастап орындауы қажет.

Балалар және отбасы істері жөніндегі министр Лене Вогслид Франция, Дания, Испания және Португалия сияқты бірқатар Еуропа елдері де осыған ұқсас шараларды қарастырып жатқанын атап өтті.

«Еуропа Одағы ережелерді одан әрі күшейтуді қолдап отыр. Біз Еуропада көшбасшылар қатарындамыз және осы мәртебені сақтап қалғымыз келеді», – деді ол.

2025 жылдың желтоқсанында Австралия 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілердің көпшілігіне кіруді шектеген болатын.

Ал 2026 жылдың қаңтарында Ұлыбритания үкіметі де балаларды интернетте қорғау аясында осындай шараларды, соның ішінде әлеуметтік желілерге тыйым салу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

2026 жылдың ақпанында Педро Санчес 16 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салу ниеті бар екенін білдірді.

«Платформалар тиімді жас тексеру жүйелерін енгізуі тиіс – бұл жай формальділік емес, шын мәнінде жұмыс істейтін тосқауыл болуы керек», – деді ол.

Сондай-ақ Германия канцлері Фридрих Мерц әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін енгізуді қолдаған.

Оның үкіметтегі серіктесі – Германия Социал-демократиялық партиясы 14 жасқа дейінгілерге толық тыйым салуды, ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін әлеуметтік желілердің арнайы нұсқаларын енгізуді ұсынған.

INSA зерттеу институты 2025 жылдың желтоқсанында жүргізген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 60 пайызы 16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желілерді шектеуді қолдаған. Ал 24 пайызы мұндай шараларға қарсы болған.

Айта кетейік, 25 сәуір күні Түркия үкіметі жасөспірімдерге әлеуметтік желіні тиым салатынын мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз