«Нұрай маған бірінші болып пышақ сұқты»: Айыпталушы Шерхан Аймахан сотта жауап берді
Шымкентте Нұрайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды. Сотта 29 жастағы айыпталушы Шерхан Аймахан өз жауабын берді.
Оның айтуынша, Нұраймен 2025 жылдың жазында танысып, кейін екеуі жақын қарым-қатынаста болған. Айыпталушы қызға ақша беріп, сыйлық жасағанын, ал қазан айында үйленуге келіскендерін мәлімдеді. Шерхан Аймаханның сөзінше, 11 қаңтар күні ол Нұраймен кездесіп, айырылатынын айтып, сыйлаған сақинасын қайтарып алмақ болған.
«Айырылысатынымызды айтқанда ол ашуланып, сақинаны көшеге лақтырып жіберді. Кейін кеудеме соққы жасап, балағаттай бастады. Сол кезде қалтамда пышақ барын сездім. Кішкентай пышақты шығарып, оған ұстатып: «Ұрғанша, пышақтай сал» дедім. Нұрай пышақты алып, оң жақ бүйіріме сұқты. Одан кейін не болғаны есімде жоқ», - деді айыпталушы.
Сондай-ақ ол Нұрайдың туыстары олардың қарым-қатынасы туралы білгенін және кездесулеріне қарсы болмағанын айтты.
Еске салайық, 11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан бойжеткеннің мәйіті табылған болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, оған 36 рет пышақ жарақаты салынған.