Нұрай Серікбайдың ағасы: «Қарындасым тұрмысқа шығуды ойлаған жоқ»
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде марқұмның ағасы Дінмұхамед Серікбай куәлік етті.
Ол қарындасының мәйітін тану үшін мәйітханаға барған сәтін еске алып, көрген көріністің өмір бойы есінен кетпейтінін айтты.
«Денесінде сау жер қалмаған еді. Пышақ жаңа күртешесін де тесіп өткен. Тамағы кесілген, беті де түгел жараланған болатын», – деді ол сотта.
Дінмұхамедтің айтуынша, Нұрай отбасындағы жалғыз қыз болған. Ол шет тілін меңгеріп, болашақта Еуропада білім алуды армандаған. Ал тұрмыс құру туралы мүлде ойламағанын жеткізді.
Марқұмның ағасы сотта айыпталушы Шерхан Аймаханның бұған дейін де Нұрайды күштеп алып кеткенін еске салды. Осы оқиғадан кейін отбасы оның әкесімен кездесіп, ұлының қызға жоламауын талап еткен. Алайда, тергеу нұсқасына сәйкес, кейін айыпталушы бойжеткенді аса қатыгездікпен өлтірген.
Қазіргі уақытта Шерхан Аймаханға мәжбүрлі түрде некеге тұрғызуға әрекет жасау, аңду (сталкинг) және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылып отыр.