Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Нұрбол Назарбаев та «құрбанға» шалынды ма?

Нұрбол Назарбаев
Фото: ЖИ

Жақында Қазақстан билігі Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтан 57 млрд теңге көлеміндегі активтерді қайтарып алғаны айтылды.

БАҚ-та тарап жатқан мәлімет бойынша, Астана сотында Активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевтың заңсыз жолмен келген байлығын анықтап, сотқа талап-арыз берген. Істі жабық режимде қараған, дегенмен сот комитеттің талабын толық қанағаттандырған. Нәтижесінде, Назарбаевтан бірнеше млрд мемлекет пайдасына өндіріліп, сот оған қосымша 925 млн теңге айыппұл және 230,4 млн теңге өсімпұл төлеуге міндеттеген.

«Орда» басылымының жазуынша, сот шешімімен Нұрбол Назарбаевтың барлық банк шоттарына тыйым салынып, өзіне тиесілі компаниялардың табысына және жеке мүлкіне билік ету құқығы шектелген. Осылайша ол өз бизнес құрылымдарын толық қадағалау мүмкіндігінен айырылған. Нұрбол Назарбаевтың адвокаттары мұндай шектеулер заңсыз деп шағымданып көрген. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Алайда бұл оқиғамен іс бітпеді. Астана қаласының ауданаралық азаматтық сотында Нұрбол Назарбаевқа қатысты тағы бір талап бойынша жаңа сот процесі басталғаны хабарланды. Бұл жолы да жауапкер ретінде Н.Назарбаевтың өзі көрсетілген. KazTAG агенттігінің мәліметінше, бастапқыда сот органдарының ашық порталында тіркелген іс туралы ақпарат көп ұзамай алынып тасталған. Сот өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарының сауалына «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң талаптарына сай іс-материалы құпия болғандықтан, толық ақпарат бере алмаймыз» деп жауап берген.

Бизнесменнің жанайқайы

Нұрбол Назарбаевқа қатысты аты шулы процестер жүріп жатқан тұста, елдегі өзге кәсіпкерлер де өткен кезеңдегі әділетсіздіктер туралы ашық сөйлей бастады. Алматы облысындағы «Алматы Стекло» зауытының директоры Азим Абдуллаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдап, кезінде Болат Назарбаевтың адамдарынан көрген қысымын баяндайды. Ол бұған дейін 2016 жылдан бері зауыттың тең жартысына иелік ететін Болат Назарбаевқа «салық» төлеп келгенін, сөйтіп рейдерлік жолмен бизнестің 50 пайызынан айырылғанын мәлімдеген. 2022 жылдың сәуірінде бұл жағдай алғаш рет жария болып, Болат Назарбаевтың бизнеске өзі араласпай, үлесін ұлы Нұрбол Назарбаев арқылы басқартып отырғаны айтылды. Нұрбол бұл зауыттағы әкесінің үлесін үшінші бір тұлғаға тапсыруға тырысқанда, зауыт жұмысшылары наразылық білдіріп, жағдай қоғам назарына ілікті. Нұрболдың өкілі ретінде келген Руслан Шалин кейіннен рейдерлікпен айналысқан қылмыстық топ «Қоспаевтар ОПГ-сының» мүшесі деп танылып, 2025 жылы 12 жылға сотталды.

Назарбаев пен Абдуллаев
Фото: respublika.kz

Абдуллаевтың басынан өткен тауқыметі мұнымен шектелмейді. 2022 жылы Болат Назарбаев Абдуллаевтың өзін сотқа беріп, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратты деп айыптаған. Сол кезде сот экс-президенттің інісінің пайдасына шешім шығарып, Абдуллаевқа 500 мың теңге айыппұл салған еді. Ал шын мәнінде, Абдуллаевтың айтуынша, Болат Назарбаевтың адамдары оның «Алматы Стекло» зауытындағы ғана емес, өзі негізін қалаған «Шалқар 17» және «Бахар-А» атты екі компаниясындағы 50 пайыз үлестерін де күшпен иемденген. Тіпті «Шалқар 17» кәсіпорнын тартып алу үшін қаруланған арнайы жасақ та келген көрінеді.

Болат Назарбаев 2023 жылы қайтыс болған соң, Абдуллаевтың айтуынша, марқұмның мұрагерлері сол тартып алынған үлестерге өз құқықтарын рәсімдеуге кіріскен. 2024 жылғы 31 шілдеде берілген мұрагерлік куәліктерін алға тартқан Болат Назарбаевтың жақындары 2025 жылдың шілдесінде Абдуллаевқа хат жолдап, аталған компаниялардың құрылтайшылық құжаттарына өзгеріс енгізіп, тиісті үлестерді мұрагерлердің атына тіркеуді талап еткен. «Егер олардың талабын орындайтын болсам, Болат Назарбаев кезінде тартып алған өз үлесімді қайтарып алудан біржола үмітім үзіледі» деп жазады бизнесмен президентке жолдаған хатында.

Азим Абдуллаев мемлекеттік органдардан осы рейдерлік фактілер бойынша қылмыстық істі тоқтатпай, соңына дейін тергеуді сұрайды. Тергеу барысында зауыт қызметкерлері мен Назарбаевтың қызметкерлері Болат Назарбаевтың рейдерлікке қатысы барын растаған куәлік берген. Соған қарамастан, 2025 жылғы сәуірде бұл іс «қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталмады» деген желеумен тоқтатылыпты. Абдуллаев бұған келіспей, наурыз айында Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігіне қайта өтініш беріп, істі жандандыруға қол жеткізген. Абдуллаев президенттен осы істі өз бақылауына алып, кінәлілерді жазалап, өзіне тиесілі үлестерді қайтаруға көмектесуді сұрайды.

Нұрбол Назарбаев
Фото: ашық дереккөз

Нұрбол Назарбаевтың бизнес империясы

Нұрбол – Болат Назарбаевтың үлкен ұлы. Жеке өзі саясаттан аулақ жүргенімен кейінгі жылдары қомақты байлығымен көзге түсті. Forbes Kazakhstan журналының мәліметінше, 2025 жылы Нұрбол Назарбаев Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінде 57-орында болған, байлығы 179 млн долларға бағаланған. 2024 жылы оның байлығы 170 млн доллар (49-орын), 2023 жылы 155 млн доллар (45-орын) деп көрсетілген еді. Яғни Нұрбол Назарбаевтың бизнес активтері аз уақыт ішінде айтарлықтай өскен.

Нұрбол Назарбаев бастапқыда құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Заңгерлік білімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де алған ол Алматы облысының прокуратурасы мен полиция департаментінде түрлі лауазымдар атқарып, подполковник, кейін полиция полковнигі шеніне дейін жетті. 2017 жылға дейін Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған соң кенеттен отставкаға кетіп, жеке бизнеспен айналыса бастады. Дәл сол жылы Нұрбол Prime Capital Holding инвестициялық қорының негізін қалап, компания кеңесінің төрағасы қызметіне кірісті. Сарапшылардың пікірінше, бұл қор Болат Назарбаевтың отбасылық активтерін басқару үшін құрылған құрылым.

Forbes деректері бойынша, Нұрбол Назарбаев қазіргі таңда бірнеше негізгі компанияны тікелей немесе жанама түрде бақылайды. Оның ішінде Prime Capital Invest және Prime Capital Holding ЖШС-ның жалғыз иесі. Prime Capital Holding компаниясының кезінде қаржысы 600 млн теңгеден асатын болса, қазір оның қаржысы 6 млн теңге айналасында. Бұдан бөлек, аталған компанияның – 7 компанияға (PC Alakol Operation, Prime Capital Real Estate, Prime Capital RE Ushkonyr, Prime Capital RE Alakol, Prime Services, Prime Capital RE Karasay, Prime Capital RE Talgar) қатысы бар. Осы сияқты Prime Capital Invest компаниясының да қаржылары мәз емес. Оның Qaz-Ak-Kus дейтін компанияға қатысы бар. Бұл да 2022 жылдары 12 млрд теңгеден асатын қаржысы бар дәуірлеген компания болса, кейінгі уақытта қаржысы 300 млн теңгеге түсіп қалған.

Нұрбол Назарбаев
Суретте Нұрбол Назарбаев пен Болат Назарбаев

Сондай-ақ Нұрбол Назарбаев «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» мен PLS-TM ЖШС-ның тең иесі. Мұның ішінде құрылыс компаниясының жұмысы жүріп тұр. 2024 жылғы қаржысы 700 млн теңгеге жуық. Ал PLS-TM компаниясының қаржысы туралы кейінгі жылдары мәлімет жоқ. Нұрбол Назарбаев осы PLS-TM компаниясы арқылы Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) мажоритарлық акционері атанған еді. 2023 жылғы 2 наурызда Қазақстан Жоғарғы сотының азаматтық істер алқасы шешім шығарып, АЗТМ зауытының Болат Назарбаев 2007 жылы сатып алған 31,9 пайыз акциясын мемлекетке қайтаруды бұйырды. Бұдан бөлек, Нұрбол Назарбаев Prime Capital Plaza BC кәсіпорнының да қожайыны екені айтылып жүр. Бұл компанияның 16,3 млрд теңгелік қаржы айналымы бар. Аталған компанияның атауынан да байқауға болатындай, Нұрбол Назарбаевтың бизнес империясы негізінен жылжымайтын мүлікке инвестиция салу, оны жалға беру және әртүрлі коммерциялық жобаларды қаржыландыру бағыттарында өрбіген.

Нұрбол Назарбаевтың еншісіндегі ең қымбат активтердің бірі – Алматы қаласындағы BNC Plaza бизнес орталығы. Бұл заманауи кеңсе кешені Тимирязев көшесінде орналасқан, А класты жылжымайтын мүлік. BNC Plaza формалды түрде Болат Назарбаевтың мұрагерлік мүлкі құрамына кірмейді. Өйткені Нұрбол Назарбаев бұл нысанға әкесінің көзі тірісінде-ақ иелік ете бастаған. Ол Prime Capital RE Plaza арқылы BNC Plaza-ның түпкі бенефициары атанған еді. Яғни Болат Назарбаев бұл бизнес орталықты ұлына алдын ала беріп қойған. Бұдан бөлек, отбасының Алматыдағы тағы бір құнды жылжымайтын мүлкі – Бостандық ауданындағы ботаникалық бақ пен «Южный» саябағының арасында орналасқан 0,72 гектар жер учаскесі бар зәулім үй.

Назарбаев
Фото: БАҚ

Жаңа Қазақстанда Назарбаевтар дәурені аяқталды ма?

Президент Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін Жаңа Қазақстан құру идеясын алға тартты. Оның өзегі – әділеттілік орнатып, бұрынғы жемқорлық пен олигархиялық ықпалды шектеу, халық байлығын ел игілігіне қайтару. Бұл тұрғыда көп жыл бойы мемлекет экономикасында үстемдік құрған Назарбаевтар әулетінің жағдайы қоғам назарында болды. Қаңтар оқиғаларынан кейін Тоқаев ашық түрде «ел байлығын қолында ұстаған санаулы тұлғалар» туралы айтып, олардың мемлекетке тиісінше қайтарым жасау керегін ескерткен. Содан бері іс жүзінде көз жүгіртсек, Назарбаевтың туыстары мен айналасындағы ірі бизнес өкілдерінің біразы түрлі келісімдер арқылы мемлекетке активтерді қайтарғанын көреміз. Мысалы, Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев пен қызы Динара кейбір бизнестеріндегі үлестерін ерікті түрде мемлекетке өткерді деп хабарланды, немере інісі Қайрат Сатыбалды сотталып, орасан қаржыны қазынаға қайтарды, экс-құдасы Қайрат Боранбаев құқық қорғау органдарымен келісімге келіп, заңсыз табыстарының бір бөлігін мемлекетке өткізді. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжіліс депутаты мандатын тапсырды, күйеубалалары Қайрат Шәріпбаев «ҚазТрансГаз» басшылығынан, Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» компаниясынан босатылды.

Ал Нұрбол Назарбаевтың жағдайы өзгешелеу өрбуде. Ол – елді отыз жыл басқарған тұлғаның емес, бірақ оның туған інісінің ұрпағы, яғни Назарбаевтар әулетінің белді мүшесі. Бұған дейін Назарбаевтардың тікелей мұрагерлеріне (мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздарына) қатысты ашық тексерулер мен қудалаулар байқалмаған еді. Сондықтан Нұрболдың сот арқылы активтерінен айырылуы – Жаңа Қазақстан саясаты шын мәнінде Назарбаевтардың өзіне де жетті ме деген сауал туындатады.

Екінші жағынан, сарапшылар Нұрбол Назарбаевқа соққы беруді саяси тұрғыда да талдайды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін экс-президент Назарбаевтың ықпалы күрт төмендеп, оның туыстары мен сенімді серіктері біртіндеп билік пен ірі бизнес төңірегінен шеттетілді. Осы орайда жаңа билік үшін Назарбаевтар әулетінің ел ішіндегі экономикалық күшін шектеу билікті нығайту қадамдарының бірі болды. Осы жағынан Нұрбол Назарбаевтың активтерін тәркілеу процесі белгілі бір дәрежеде билік үшін символдық мәнге ие. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей отбасы мүшелері әзірге жауапкершілікке тартылған жоқ. Дегенмен Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, Нұрбол Назарбаевтың жауапқа тартылуын көз алдау үшін «құрбанға» шалынды деп есептейтіндер де бар. Ал соңғы уақытта Дариға Назарбаева Қазақстанда ашық көзге түсті. Тіпті Алматыда өтетін «Қайрат»-«Реал» футбол клубтары арасында өтетін ойынға Назарбаевтар келеді екен деп жүр.

Тұрсынбек БАШАР