Кейіпкер

Нұргелді Әбдіғани «Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары – мәжбүрлі қадам»

Ресей президенті Владимир Путин 27 мамыр күні Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. 28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы болады.

Нұргелді Әбдіғани

Ресей президенті Қазақстанға осымен 36-мәрте келіп отыр. Ең қызығы, Путин біздің елге мемлекеттік сапармен осыдан екі жыл бұрын ғана, 2024 жылы қарашада келген. Әдетте мемлекеттік сапар халықаралық дипломатияда ең жоғары хаттамалық деңгей саналады. Путин 2024 жылы Қазақстанға араға 9 жыл салып, мемлекеттік сапармен келген. Ал бұл жолы небәрі 2 жылдан кейін сапар шегіп отыр. Оның үстіне Кремль қожайыны жақында ғана Қытайға барып қайтқан.

Путиннің мұндай суыт жүрісінің себебі неде? Ол Қазақстанға неге келгіштеп кетті? Осы сұрақтарды жас саясаттанушы, журналист Нұргелді Әбіғаниұлына қойдық.

– Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, бұл сапардың саяси мәні қандай?

– Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы деген мәселеде біздің қоғамның пікірі екіұшты. Кейінгі жылдардағы геосаяси оқиғалар Қазақстан тарапынан сақ әрі әбжіл қимылды талап етіп отыр. Өйткені әлемде қазір геосаяси турбулентті кезең орнаған, мемлекетаралық қарым-қатынас қанша терең болғанымен, жеме-жемге келгенде әр мемлекет өз мүддесін күйттейді. Сол тұрғыдан алғанда көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстанның барлық елмен терезесі тең дәрежеде мемлекеттік мүддені алға қоя отырып, әріптестік орнатуы стратегиялық мақсат саналады. КСРО ыдырап, оның құрамындағы әр мемлекет өз іргесін бекіте бастаған тұста әлемдік сарапшылар дүниенің тепе-теңдік қалыпқа түсуі үшін ондаған жыл қажет екенін айтқан. Содан бері 35 жыл өтті, осы уақыт аралығында Қазақстан өзінің мемлекеттігін қалыптастыру жолындағы ең сындарлы, ең сыни сәттерді артта қалдырды. Қазақстан өзінің аумақтық тұтастығын халықаралық дәрежеде мойындатып, бекітіп алды десек болады.

Ал қазір Қазақстан халықаралық дәрежеде орта держава ретіндегі беделді ойыншы болуға, логистикалық хаб болуға ұмтылып жатыр. Қазақстан мен Ресейдің байланыстарының тамыры тым тереңде, 1991-1992 жылдардағы Шекара бөлісі декларациясынан, 1998 жылдардағы Стратегиялық достық декларациясынан күні бүгінге дейін Астана мен Мәскеу арасында шамамен 350-400 мемлекетаралық құжатқа қол қойылған екен. Бұл екі мемлекеттің арасындағы байланыстың саяси тізбектерін дәлелдейді.

Екі елдің экономикалық байланысы да өте тығыз, Қазақстан сыртқы саудасының шамамен 20 пайызы Ресейге тиесілі (27,4 млрд доллар). Халықаралық аумалы-төкпелі атмосфера сауда-саттықты біршама бәсеңдеткені анық, өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 35 млрд долларға жеткен болатын. Ресейдің Украинаға қарсы агрессиялық саясаты және соған байланысты енгізілген санкциялық режим екі мемлекет арасындағы алыс-беріске әсер етті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестікке күмәнмен қарайтын комплексті кезеңді артқа тастауымыз қажет. Қазіргі Қазақстанды осыдан 15-20 жыл бұрынғы Қазақстанмен салыстыру қисынсыз, қазір біз өз мүддемізді қорғай алатын мемлекетке айналдық. Әлемдік үдерістерге бейімделген, сыртқы саясатта сақтық пен сабырлықты үйлестіре білетін көпвекторлы бағытынан айнымай келе жатқан мемлекетпіз. Қазақта «көршіні таңдай алмайсың» деген сөз бар. Біздің тағдырымызға Ресеймен көрші болу жазылыпты, Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлық шекарамыз (7,5 мың шақырым) бар. Сондықтан екі елдің арасында барыс-келістің тығыз болуы табиғи нәрсе. Қазіргі геосаяси турбулентті кезеңде приоритеттер өзгергені рас, жаһандық нарық қазір қайта құрылып жатыр. Сондықтан қазір Қазақстан ғана Ресейге мүдделі емес, енді Ресей де Қазақстанға мүдделі.

– Кездесуде қандай мәселелер талқылануы мүмкін?

– Ресей президенті осы сапарының алдында Қазақстанға арнап мақала жариялады. Бұл мақала анонстық сипатқа ие деп бағалауға болады. Путин мақалада кездесуде талқылануы мүмкін жобалардың шетін шығарған. Атап айтқанда, Каспий құбыры кешені, АЭС салу мәселесі, Байқоңыр ғарыш кешенін игеру мәселесі және ең бастысы, логистика мәселесін сөз еткен. Ресей Қазақстанның логистикалық хабқа айналғанын белгілі дәрежеде мойындап отыр. Өйткені Украинадағы соғысқа байланысты Ресей әлемнен оқшау қалып, Орталық Азияның негізгі ойыншысы ретінде Қазақстанның рөлі күшейе түсті, Қазақстанның қатысы бар трансшекаралық логистикалық бағыттар күшейді. Мысалы, Орта дәліз Қытайдан Еуропаға есік ашатын мегажобаға айналып келеді. Қазақстан осы бағытты дамытуға мүдделі болып отыр.

Путин мақаласында «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін де ерекше атап өткен. Бұл дәлізінің маңызды торапқа айналуына Ресей мүдделі. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан Қытайдан шыққан жүкті Қазақстан мен Ресейден бөлек, өз территориясы Каспий теңізіне жеткізіп, одан әрі Еуропаға шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Ауғанстан, Өзбекстан және Пәкістан үштігінің трансауған теміржолы дәлізі де қолға алынып жатыр. Әлемде осындай логистикалық тораптар үшін талас күшейген уақытта Ресей «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізімен шектелмей, Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы альтернативті бағыттарға араласуға мүдделі екені анық.

Сондай-ақ Путин Қазақстанға қатысты экологиялық жобалар жайлы да айтыпты. Мысалы, Амур жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жобасының басы-қасында Ресей жүр. Бұған дейін Ресейдің Хабаровск өлкесінен екі жолбарыс әкелінген болатын. Қазақстан мен Ресей арасында әуе тасымалы саласында да айтарлықтай мүдделілік бар, кейінгі жылдары Ресейдің авиация саласы, әсіресе азаматтық авиация саласы айтарлықтай дағдарысқа ұшырады. Ресей тіпті өзінің азаматтарын ел аумағында тасымалдауда қиындыққа тап болды. Авиаканибализм деген бар, санкцияның кесірінен Ресейге ұшақтарды жөндеуге қажетті бөлшектер жетпей жатыр, Салдарынан Мәскеу бұзылған ұшақтарын жөндей алмай жатыр. Алдыңғы жылдары Қазақстанның авиакомпанияларына Ресей ішінде әуе тасымалын жүзеге асыру туралы ұсыныс түскенін білеміз. Сондай-ақ кездесуде мәдени-гуманитарлық салалар, тілді дамыту, мектеп салу сияқты мәселелер сөз болмақ. Демек Ресей мен Қазақстан мемлекет басшыларының осы жолғы талқылайтын тақырыптарының палитрасы айтарлықтай ауқымды болады деп есептеймін.

– Путин жақында Қытайға мемлекеттік сапармен барып қайтқан. Арада көп уақыт өтпей біздің елге келе жатыр. Бұл жай сәйкестік пе, әлде мұнда қандай да бір саяси белгі бар ма?

– Ресей президентінен бұрын Бейжіңге АҚШ басшысы Дональд Трамп барған. Санкция астында өмір сүріп жатқан Ресей үшін Қытай – аса маңызды серіктес. Сондықтан Мәскеу Бейжіңмен әріптестікті барынша дамытуға мүдделі. Соғыс басталғаннан бері Ресейдің сауда-саттық географиясы айтарлықтай өзгерді, бұрын сауданың денін Еуропамен жасайтын, қазір Бейжіңге тәуелді бола түсті. 2022 жылға дейін Ресейдің негізгі сауда серіктесі Еуропа болып келсе, 2025 жылы Ресей сыртқы саудасының 40 пайызға жуық үлесін Бейжің иеленді. Ресей Қытайға негізінен металлургиялық өнімдер, ағаш, балық, тыңайтқыштар саудалайды. Соның ішінде ең бастысы – мұнай мен газ. Бірақ Мәскеу 10 жылдан бері Бейжіңді «Сібір күші-2» газ құбырын тартуға көндіре алмай жүр, Путин осы жолғы сапарында да бұл келісімшартқа қол жеткізе алмады. Осылайша экономикалық тұрғыда Мәскеу Бейжіңге тәуелді бола түсті әрі алдағы уақытта да бұл тенденция өзгере қоюы екіталай. Осыны ескергенде Путиннің Қытайға жасаған мемлекеттік сапарын мәжбүрлі сапар деп атасақ болады.

– Путин Қазақстанға 2 жылда 2 мемлекеттік сапар жасады, мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Путиннің араға көп уақыт салмай Қазақстанға қайта мемлекеттік сапармен келуі саяси сипатқа ие десек, қателеспейміз. Өйткені Қазақстан Орталық Азиядағы батыс пен шығысты жалғайтын негізгі халықаралық көлік дәлізіне айналып келеді. Біз жоғарыда атаған транскаспий дәлізі, трансауған темір жол бағыты сияқты жобалардың бәрі географиялық тұрғыда Ресейді айналып өтетін бағыттар. Әрі бұл жобалардың бәріне Қазақстан қатысады, сондықтан Ресей бұл бағыттағы жобаларға Қазақстан арқылы араласуды мақсат тұтса керек. Мәскеу Қазақстанның халықаралық көлік дәлізі екенін мәжбүрлі түрде мойындады дей аламыз.

Екіншіден, санкциялардың кесірінен Еуропада емін-еркін жүре алмайтын, халықаралық саммиттерге қатыса алмайтын, юрисдикциялық тұрғыда мүмкіндігі шектеулі Путин риторикалық жүріс жасай алатын географиялық аймақтар санаулы ғана. Қазақстан – сондай жүріс жасай алатын санаулы аймақтардың бірі. Демек Путиннің Бейжіңге, оның алдында Бакуге баруы, осы жолы Астанаға келуі халықаралық ақпараттық алаңда «Ресей президенті оқшауда отырған жоқ, халықаралық сапарлар жасап жүр» деген месседжді тарату үшін қажет. Әрине, бұл сапардың Еуразиялық экономикалық одақтың саммитімен байланысы бар, ал жанама месседжі Путиннің изоляцияда емес екенін көрсету.

Президент сапарларының бірнеше категориясы бар: ресми сапар, жұмыс сапары, мемлекеттік сапар. Солардың ішіндегі ең жоғарғысы – мемлекеттік сапар. Путиннің 2 жылда 2 мәрте мемлекеттік сапар жасауына саяси жағдай себеп. Ең алдымен Қазақстанның халықаралық логистикалық нарықтағы бәсі арта түсті. Қазақстанның көпвекторлы саясаты және оның палитрасы әртараптана түскені Ресейді алаңдата бастады, Мәскеу Астананы уысынан шығарып алмауға, Қазақстанмен байланысты тұрақты ұстап тұруға күш салады. Кейінгі жылдары «Ресейдің ықпалында» деп саналып келген көптеген аймақ осы ықпалдан бірте-бірте шыға бастады.

Мысалы, Оңтүстік Кавказдағы жағдай, Армения биылдың өзінде Еуропаның лидерлерін Ереванға жинады. Украина президенті Зеленскийге мінбер ұсынды, Зеленский Ереванда тұрып антиресейлік риторикаларды айтты. Әзербайжан АҚШ-пен интеграциясын тереңдетіп, Ресейдің потенциалды бәсекелестері саналатын еуропалық интеграциялық жобаларға белсенді араласа бастады. Қазір Ресейдің ықпалы анық сақталып отырған жалғыз мемлекет – Беларусь. Өзге стратегиялық одақтас немесе әріптес елдерге Ресей ықпал ету аймағы ретінде бұрынғыдай өктем сөйлейтін халде емес. Біз мұнда Иран, Солтүстік Корея және Орталық Азия елдерін айтып отырмыз.

Қазақстан өзінің сыртқы саясатын әртараптандыруға белсенді кірісіп кетті. Орталық Азия елдері «С5+1» форматын белсенді дамыта бастады. Украинадағы соғыстан кейін АҚШ-пен қарым-қатынасты жүйелей түстік, әсіресе Трамптың Газа секторы бойынша бейбітшілік жобасына белсенді араласамыз. АҚШ-пен сирек кездесетін металдар бойынша келісім жасалды. Сондай-ақ Қазақстан ТМҰ аясындағы интеграцияға ден қоя бастады. Жақында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Қытаймен бірлескен экономикалық жобалар да көбейіп келеді. Астана жоғарыда аталған Транскаспий көлік дәлізі арқылы Ресейді айналып өтуге ынта танытты. Мұның барлығын Мәскеу көріп-біліп отыр, сондықтан екі жылда екі рет мемлекеттік сапармен келуге мәжбүр.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасында кейінгі жылдары қандай өзгеріс байқалады?

– Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан мен Ресей – географиялық тұрғыда бір-бірімен көрші орналасқан мемлекет. Демек екі елдің байланысын «болмай қоймайтын мемлекетаралық әріптестік» деп бағалауға болады. Путиннің осы сапар алдындағы мақаласында бұрынғыдай өктем әңгімелер, бұрынғыдай гегемондық пиғыл жоқ екенін байқадық. Мақалада «Қазақстанның таңдауы», «Қазақстанға құрмет» деген сөз бірнеше жерде кездеседі. «Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы өзара құрмет пен сенім қағидатына негізделген, біз осы стратегиялық әріптестікке құрмет танытамыз», «қуатты әрі өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға деген құрметіміз ерекше» деген сөйлемдер бар. Қазақстанға қатысты «құрмет» шағын мақалада бірнеше рет кездеседі. Сондай-ақ мақаланың түйінінде «Ресей мен Қазақстан халықаралық қатынастарды өзара теңдік, барлық мемлекеттердің заңды мүдделері мен олардың мәдени және өркениеттік ерекшеліктерін ескеру қағидаттарына негізделген демократия талаптарына сай дамытуды қолдайды» деп жазған.

Демек Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы кейінгі жылдары жұмсақ күш форматына қарай ойыса бастағаны байқалады. Ресей қоғамында, БАҚ-та, саяси кеңістігінде Қазақстанға қатысты империалисттің пиғылдағы сөздер әлі де айтылып жатыр, бірақ ресми билігі тарапынан біздің елге жұмсақ күш форматында әрекет етуге бейілділік байқалады.

– Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып келеді. Кейінгі кезде АҚШ-пен қарым-қатынасымыз жақсарғаны байқалады. Кей сарапшы Орталық Азияға талас басталғанын айтып жүр. Сіздің ойыңызша, Ресейдің Орталық Азия мен Қазақстанға қатысты саясатында өзгеріс бар ма?

– Орталық Азияға талас кеше-бүгін басталып кеткен жоқ. Ол кейінгі төрт-бес жылдың ішінде өте қарқынды жүріп жатыр. «Орталық Азия+1» форматы – соның айқын дәлелі. Бұл форматты қазір АҚШ, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия қолданды. Бұл форматты Қытай мен Ресей де қолданып жүр. Бұл – Орталық Азия мемлекеттерінің кейінгі кезде жаһандық саясаттың назарына өте қарқынды ілінгенін дәлелдейтін факт. Орталық Азия географиялық аймағының негізгі ойыншысы Қазақстан екені белгілі, Астана экономикалық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да, территориялық тұрғыдан да аймақтың көшбасшысы болып отыр. Орта держава деген статус туралы әңгіме тектен-текке айтылған жоқ.

Өкінішке қарай, біз секілді шағын мемлекеттердің Біріккен ұлттар ұйымы сияқты халықаралық саяси алаңдарда лайықты орны жоқ. Қазақстан тарапы БҰҰ тұрақты мүшелігінен орта державаларға орын берілуі керек дегенді, БҰҰ құрылымын қайта жасақтап, БҰҰ-ны реформалау керек дегенді ашық талап ретінде айтып келе жатыр. Өйткені Біріккен ұлттар ұйымы секілді ұйымдар – біз сияқты мемлекеттердің бірден-бір сауға сұрайтын алаңы. Сондықтан БҰҰ-ны реформалау қажет, БҰҰ-да Қазақстан сияқты орта мемлекеттердің орны болуы керек. Орталық Азияға таластың қыза түскені бізге осындай приоритеттерге жол ашады. Көлік-логистикалық, транспорттық дәліз тұрғысынан алғанда Орталық Азия ең қауіпсіз әрі ең жылдам жүк тасымалы бағытын қамтамасыз ете алады. Сондықтан әлемнің гегемондары, әлемнің қуатты экономикалары Орталық Азияға қызығушылық танытып отыр, бұл тенденция алдағы уақытта күшейе түсері анық.

Қысқасы, Ресей президентінің Қазақстанға осы жолғы сапары белгілі бір мәжбүрліктен болған сапар десек, жаңылмаймыз. Иә, Еуразиялық экономикалық одақтың саммитін сылтау етер, бірақ мұндай саммиттерге онлайн форматта да қатысуға болар еді. Бірақ қазіргі геосаяси реализм Путин сияқты империялық пиғылдағы басшыларды Қазақстан сияқты орта күшпен санасуға мәжбүрледі.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз