Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 11 Қараша 2023

Нұрлан Сейдін, әлеуметтанушы: Халық талап етпесе, бұрмалаушылық бола береді

Нұрлан Сейдін
Фото: из открытых источников

Қазір қоғам өзгеріп келе жатыр. Оған жаңа технология қатты әсер етті. Парламент сайлауы болсын, президент сайлауы болсын, халықтың ішінде белсенділік ақырындап артып келеді. 

Осы күні қай жерде сайлау қалай өтіп жатқанын бәрі көріп, біліп отырады. Барып араласады, әлеуметтік желі арқылы пікір білдіріп, талқылап, мәселе көтеріп отырады. Бұл – үлкен күш.

Адамдар мемлекеттік мәселе болмаса да, күнделікті әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді көтеріп, соны күн тәртібіне шығарып, шешілуіне қол жеткізіп жатыр. Егер мәселені дұрыс, жақсы көтере алса, нәтижеге жетуге болатынын халық түсінді. Соңғы кездегі жарияланып жатқан петициялар да қоғамның белсенділігін арттырды. Сайлауға да дәл осындай талапшыл мінезбен, белсенді әрекетпен келу керек.

Былтыр ауылдық әкімдерді, биыл аудандық әкімдерді сайладық. Кейін қалалық, облыстық әкімдерді де сайлау болады. Саяси реформалар кезең-кезеңімен жүріп келе жатыр. Заң қабылданды екен деп, бәрі бірден өзгеріп кетпейді. Сана өзгеруі керек, көзқарас басқаша қалыптасуы керек. Соған енді-енді бейімделіп келе жатырмыз.

Ауылға барсақ, бәрі телефонымен әлеуметтік желіде отырады. Болып жатқан оқиғаларға пікір білдіріп жатады. Бұл белсенділік, ықпал. Халық айналасындағы құбылыстарға бейжай қарамауды меңгерсе, жауапты адамдар да соған үйренеді.

Аудан әкімдерінің осы жолғы сайлауы жалпылама ел бойынша өткен жоқ. Әр облыстың екі-үш ауданында өтті. Сайлау өткен жерлер Алматы, Астана сияқты үлкен болмағандықтан, бұл сайлау бізге онша көрінбей қалды. Бірақ жергілікті аймақтарда кәдімгідей оқиға өтті деп ойлаймын. Бәрібір сайлау өткеннен кейін оған халықтың барып дауыс беруін сайлау орталығы қамтамасыз етеді.

Жасыратын несі бар, сайлау кезінде әртүрлі бұрмалаушылықтар болып келді. Ол әр сайлауда айтылып келеді. Былтырғы сайлауда да бұрмалаушылықты әшкерелеген видеофиксация, сурет болды. Соттасып жатты. Бүкіл 42 ауданда сайлау өткен соң, әр жерде әртүрлі адамдар бар. Аудан әкімі бұрын үйреніп қалған билігін бергісі келмей, сайлауда «жеңетін» қадамдарға баруы мүмкін. Саяси модернизацияны жасаймыз, нәтижеге жетеміз десек, қабылданған заңдарға сүйенуіміз керек. Ал заң мықты болуы үшін халық белсенді болуы шарт. Ондай бұрмалаушылық әр жерде әрқашан бола береді. Қоғам белсенді болса, бақылаушы мықты болса, онда сайлау өткізушілер де аяғын тартады.

Қанша жерден мықты заң қабылдасақ та, халық белсенді болмаса, талап ете алмаса, ештеңе өзгермейді. Халық қателікті көрсетіп, дәлелдей алса, онда бәрі өзгереді.

Халықтың белсенді болмауы бұрынғы сайлаулардың әсерінен шыға алмай отыр. Қазір барлық жаңалық ашық. Тәуелсіз пікір айтатын сарапшылар бар. Ел соны тыңдап, күннен күнге санасы өзгеріп келеді. Осы ашықтықтан қашпауымыз қажет. Өйткені демократияның бір принципі – ашықтық.

Сосын уақыт керек. Саяси реформа бірден жүзеге аспайды. Өйткені орта дайын болуы керек. Ауыл, аудан әкімдерін бірінші рет сайладық қой. Енді келесі сайлаулар осы сайлаулардың қатесін қайталамауға тырысып, басқаша жұмыс істей бастайды.

Халық сайланған әкімнен талап етуі керек. Әкімдер жылына бірнеше рет есеп береді. Сол кезде халық қатты талап қоя білсе, әкімнің берген уәдесін орындатуға күш салса, жағдай өзгереді. Талап күшейген кезде, әкім болғысы келетін адам нақты жоспарымен келетін болады.