Әлеумет

NYT: Путин 2026 жылы НАТО мен Еуроодақты «іштен ыдыратуды» мақсат еткен

Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылдың соңында әскери басшылықпен кездесіп, 2026 жылға НАТО мен Еуропалық одақты «іштен ыдырату» мақсатын қойған.

Путин

 Бұл туралы The New York Times кездесудің егжей-тегжейінен хабардар шенеуніктерге сілтеме жасап жазды.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, бұл жоспарда Молдова маңызды орын алған. Батыс арнайы қызметтері Кремльдің басымдықтары арасында Украинаны бағындыру бірінші, ал Молдованы бақылауға алу екінші орында тұрғанын мәлімдеген.

NYT дереккөздері Молдова Ресей үшін Украинаға және Батысқа қарсы кейінгі әрекеттерге қолайлы плацдарм ретінде қарастырылғанын айтады. Олардың сөзінше, Мәскеу Ресей мен Молдованы жалғайтын құрлық дәлізін құру үшін Украинаның оңтүстігіндегі аумақтарды басып алуға мүдделі.

Басылым мәліметінше, Ресей 2025 жылғы 28 қыркүйекте өткен Молдова парламенті сайлауына кибершабуыл, дезинформация, дауыс сатып алу және үгіт-насихат арқылы ықпал етуге тырысқан.

Кампанияға молдовалық дін қызметкерлері де тартылғаны айтылады. Олар Ресейге барып, «Промсвязьбанк» карталарын алған. Кейін Молдоваға оралған соң, сыйақы үшін тұрғындарды елдің Еуроодаққа интеграциясына қарсы үгіттеуі тиіс болған.

NYT мәліметінше, 2025 жылдың жазында Сербияда арнайы жаттығу лагері ұйымдастырылған. Қатысушылардың басым бөлігі Молдова азаматтары болған. Оларға қару қолдану, полиция шебін бұзып өту және ғимараттарды өртеу тәсілдері үйретілген. Үш-төрт күндік дайындық үшін әр қатысушыға 400 доллардан төленген. Батыс барлау қызметтері нұсқаушылардың Ресей әскери барлауымен (ГРУ) байланысы болғанын мәлімдеген.

Осындай лагерьлер Боснияда және Мәскеу маңында да жұмыс істегені айтылады. Молдова прокуратурасының мәліметінше, дайындықтан 100-ден астам жас өткен. Оларға өртегіш құралдар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды дайындау, сондай-ақ жарылғыш зат тасымалдайтын дрондарды пайдалану үйретілген.

Алайда Молдова билігі сайлау қарсаңында арнайы операциялар жүргізіп, жүздеген үйді тінткен және лагерьлерде дайындықтан өткен бірқатар адамды ұстаған. Жергілікті кибермамандар Батыс елдерінің көмегімен хакерлік шабуылдарға да тойтарыс берген.

Нәтижесінде президент Майя Сандуды қолдайтын еуропашыл партия парламенттегі басымдығын сақтап қалған.

«Біз шайқаста жеңдік. Бірақ соғыста әлі жеңген жоқпыз», – деді Молдова Киберқауіпсіздік агенттігінің директоры Михай Лупашку.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз