Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:04, 10 Қараша 2023

Оққа ұшқан Айкөркем: прокурор күдіктіні 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Айкөркем
Фото: из открытых источников

Алматы әскери соты қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты талқылауды аяқтады, деп хабарлады Zhasalash.kz.

Алматы әскери гарнизонының прокуроры Айдос Ақберген күдікті әскери қызметкер Арман Жұманды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл оған тағылған бап бойынша ең жоғары жаза. Жұманға 451-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қару қолданып, өкілеттік шегінен шығу» деген айып тағылды.

Бұл ретте күдіктінің қорғаушысы соттан оны толық ақтауды талап етті.

Еске салайық, 4 жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда болған тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан еді.

Қыздың әкесі және үш әпкесі, ағасымен бірге Сейфуллин даңғылының бойымен көлікте келе жатқан. Сәтбаев көшесінің қиылысында көлікке оқ жаудырылып, салдарынан Айкөркем қаза тауып, оның 15 жастағы әпкесі жараланған болатын.