Өлімнен кейінгі жәрдемақылар: сотта Сарсемалиев ісінің жаңа деректері айтылды
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Сұлтан Сарсемалиевке қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер жария болды.
Айыптау нұсқасына сәйкес, айыпталушы бұрынғы әйелінің төрт туысын өлтіргеннен кейін олардың банк карталары мен есепшоттарын пайдаланып, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді алып отырған.
Прокурор Мирас Бауржанов сотта қаза тапқандардың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдеріне қатысты айыптардың мән-жайын баяндады.
Айыптау актісіне сәйкес, Сұлтан Сарсемалиев «Qazpost» АҚ мен «Halyk Bank» АҚ-да ашылған, Нәсіп Өтешқалиева, Мақсот Қарабалин және Мейрамгүл Қарабалинаға тиесілі әлеуметтік және зейнетақы шоттарындағы қаражатты заңсыз иемденген.
Тергеу дерегінше, Нәсіп Өтешқалиеваның банк картасы мен есепшоттарын пайдалану арқылы айыпталушы Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментіне 169 536 теңге 62 тиын көлемінде шығын келтірген.
Ал Мақсот Қарабалиннің есепшоттары арқылы 217 619 теңге көлемінде шығын келгені айтылды.
Сондай-ақ тергеу нұсқасы бойынша, Мейрамгүл Қарабалинаның есепшоттары мен банк карталары арқылы тағы 215 487 теңге алынған.
— Осылайша Сарсемалиев Сұлтан Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты — бірнеше рет сенімге қиянат жасау арқылы бөтен мүлікке құқықты иелену, яғни алаяқтық жасаған, - деді прокурор.
Сот процесіне жәбірленуші тараптың өкілі ретінде Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті де қатысып жатыр.
Департамент басшысының орынбасары Айгерім Бекқалиева ведомство айыпталушыдан 766 311 теңге өндіріп беруді талап етіп отырғанын айтты.
Оның сөзінше, Наурыз және Мейрамгүл Мұқанғалиевтер 2005 жылдан бері мүгедектік бойынша жәрдемақы алған.
Сондай-ақ ол Наурыз Мұқанғалиев қайтыс болғаннан кейін, өткен жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында оның атына 520 996 теңге көлемінде жәрдемақы алынғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Нәсіп Өтешқалиева қайтыс болғаннан кейін желтоқсан айында шамамен 84 мың теңге, Мақсот Қарабалин қайтыс болғаннан кейін шамамен 96 мың теңге, ал Мейрамгүл Мұқанғалиева қайтыс болған соң шамамен 74 мың теңге көлемінде төлем алынған.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевке маусым-желтоқсан аралығында есептелген III топ мүгедектігі бойынша жәрдемақыны, Мейрамгүл Қарабалинаға желтоқсан айына тағайындалған төлемді, сондай-ақ Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның желтоқсан айындағы зейнетақы төлемдерін алып, пайдаланған.