Орал әуежайында Қазақстанды балағаттаған шетелдікке айыппұл салынды
Орал әуежайында паспорттық бақылаудан өту кезінде Қазақстан туралы балағат сөздер айтқан шетел азаматына әкімшілік жаза тағайындалды.
Көлік полициясының мәліметінше, 52 жастағы ер адам Ыстамбұлдан Оралға келген. Паспорттық бақылау кезінде ол Қазақстанға қатысты қорлайтын сөздер айтқан.
Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін полиция назарына іліккен. Кадрларда жолаушының кезекте тұрған сәтте Қазақстан туралы жағымсыз пікір білдіргені көрінеді. Осы жағдайға куә болған жолаушы Жазира Мусина құқық қорғау органдарына жүгінген.
Шетелдікке ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот істі қарап, ер адамды кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оған 20 АЕК көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар полиция шетел азаматына мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін түсіндіріп, профилактикалық әңгіме жүргізді.