Орал Таңсықбаев ізімен: «Сырлы әлемнің қырлары» халықаралық симпозиум-пленэрінің алғашқы кезеңі
Өнер – халықтарды жақындастырып, түрлі мәдениеттерді тоғыстыратын құдіретті рухани күштердің бірі. Осы идеяны арқау еткен «Сырлы әлемнің қырлары» халықаралық симпозиум-пленэрінің алғашқы кезеңі Өзбекстан мен Тәжікстанда өтті.
Жоба көрнекті суретші Орал Таңсықбаевтың шығармашылық мұрасын жаңаша пайымдауға және оның әйгілі туындыларына арқау болған табиғи мекендерді бүгінгі суретшілердің көзімен қайта бейнелеуге бағытталған.
«Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры және «Орал Тансықбаев Халықаралық қоғамдық қоры» ұйымдастырған симпозиумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның танымал қылқалам шеберлері мен өнер қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Сабыр Рахметов, Араншы Шаржанов, Рахат Итикеев, Алексей Уткин, Заир Мелиев, Құрманғазы Ақашев, Жамбыл Натбаев, Ерик Кулманов, Еркін Оролов, Марат Төтеев, Шаттық Батан, Тимур Рахметов, Фарух Мовлиянов, Дәурен Бекназаров, Жеңіс Молдабеков және басқа да суретшілер бар. Әртүрлі шығармашылық мектептердің өкілдерін біріктірген пленэр кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа көркемдік ізденістерге және Түркі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсеткен бұл симпозиумның басты ерекшелігі – Орал Таңсықбаевтың туындыларына арқау болған жерлерге арнайы сапар жасап, сол табиғи кеңістіктерде пленэрлік туындылар жазу. Бұл – суретші жүрген жолмен жүріп, ол көрген тау мен даланы, жарық пен түсті, кеңістік пен табиғат тынысын қазіргі көркемдік көзқарас тұрғысынан қайта сезінуге мүмкіндік беретін шығармашылық арт-экспедиция.

Сапардың бастауы – Ташкент
15 шілде күні симпозиумға қатысушылар Ташкент қаласына келді. Шекарадан шығармашылық топты өзбекстандық суретшілер жылы қарсы алды. Сапар Орал Таңсықбаев ағамыздың рухына тағзым етуден басталды. Қатысушылар суретшінің зиратына барып, Құран бағыштады. Сондай-ақ Төле би бабамыздың кесенесіне арнайы барып, дұға оқылды.
Одан кейін делегация Орал Таңсықбаевтың музей-үйін аралап, суретшінің өмірі мен шығармашылық жолына қатысты құнды жәдігерлермен, құжаттармен және туындылармен танысты. Бұл кездесу қатысушыларға ұлы шебердің көркемдік әлемін тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, алдағы пленэрлік жұмыстарға рухани серпін берді.
Түстен кейін шығармашылық топ Өзбекстанның Бостанлык ауданында орналасқан Шарбақ су электр станциясына жол тартты. Бұл өлке – Орал Таңсықбаевтың «Өзбекстандағы наурыз» (1964) және «Менің әнім» (1972) атты белгілі туындылары дүниеге келген табиғи мекен. Симпозиум қатысушылары осы аймақта төрт күн болып, таулы өлкенің кең тынысын, жарығын, бояуын және қайталанбас табиғи келбетін кенеп бетіне түсірді.
Орал Таңсықбаев табиғатты сырттай бақылаушы ретінде ғана емес, оның ішкі ырғағын терең сезіне білген суретші. Сондықтан қатысушылар үшін оның шығармалары дүниеге келген жерлерде жұмыс істеу қарапайым пленэрден әлдеқайда ауқымды шығармашылық тәжірибеге айналды. Әр суретші табиғат көрінісін өз дүниетанымы мен көркемдік мәнері арқылы жаңаша пайымдауға ұмтылды.

Қайраққұмдағы әсерлі күндер
19 шілдеде симпозиум бағыты Тәжікстанда жалғасты. Қатысушылар Орал Таңсықбаевтың әйгілі «Қайраққұм СЭС-індегі таң» туындысы жазылған жерге барды. 1957 жылы дүниеге келген бұл шығарма 1958 жылғы Брюссель дүниежүзілік көрмесінде күміс медальға ие болып, суретшінің шығармашылық мұрасындағы ғана емес, Орталық Азия бейнелеу өнері тарихындағы маңызды туындылардың біріне айналды.

Қайраққұмда шығармашылық топты жергілікті суретшілер зор ықыласпен қарсы алды. Қатысушылар екі күн бойы Су электр станциясы мен су қоймасы маңында жұмыс істеп, өндірістік құрылыс пен табиғи кеңістіктің өзара үндестігін бейнеледі.

Арада 70 жыл өтсе де, Орал Таңсықбаев туындысына арқау болған Қайраққұм СЭС-інің жалпы көрінісі айтарлықтай өзгермеген. Кенептен таныс кеңістікті шынайы қалпында көру суретшілерге ерекше әсер сыйлады. Аптап ыстыққа қарамастан, Қайраққұмның кең тынысты көрінісі шығармашылық топқа мол шабыт берді. Осы жерде дүниеге келген жаңа туындыларда табиғат пен адам қолымен жасалған алып құрылыстың үйлесімі әр суретшінің өзіндік көркемдік тілімен көрініс тапты.

Алғашқы кезеңнің шығармашылық қорытындысы
22 шілдеде сағат 16:00-де Өзбекстан Көркемөнер академиясының галереясында «Сырлы әлемнің қырлары» халықаралық симпозиум-пленэрінің алғашқы кезеңін қорытындылаған көрме ашылды. Экспозицияға Өзбекстан мен Тәжікстанның көрікті жерлерінде жазылған жаңа туындылар қойылды.
Көрменің ашылуына Өзбекстан Көркемөнер академиясының төрағасы, академик Акмаль Нуриддинов қатысып, жобаның түркі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Өзбекстанның халық суретшісі Сабыр Рахметов, Орал Таңсықбаев қорының төрағасы Натбаев Жамбыл және өзге де белгілі өнер қайраткерлері сөз сөйлеп, симпозиумның шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіне жоғары баға беріп, демеуші «Халық» қайырымдылық қорына ризашылығын білдірді.
«Орал Тансықбаев Халықаралық қоғамдық қорының» құрылғанына биыл 14 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қордың қалыптасқан дәстүрі бойынша бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалар Орал Таңсықбаев атындағы медальмен марапатталып келеді. Биыл бұл мәртебелі марапат Өзбекстан Көркемөнер академиясының төрағасы Акмаль Нуриддинов пен Өзбекстанның халық суретшісі Файзулла Ахмадалиевке табысталды. Бұл марапат – қос өнер қайраткерінің бейнелеу өнерін дамытуға сіңірген еңбегіне ғана емес, халықаралық симпозиумдар мен пленэрлерді өткізуге тұрақты түрде қолдау көрсетіп, Орталық Азия суретшілері арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға қосқан үлесіне білдірілген құрмет.
Көрмеге ұсынылған шығармалар сапар барысында тамашалаған ғажайып табиғат көріністерін дәлме-дәл қайталаумен шектелмей, суретшілердің жаңа әсерлері, ішкі толғаныстары мен табиғи кеңістікке деген жеке көзқарастары көрініс тапқан. Осы тұрғыдан алғанда, көрме – өткен мен бүгінді, Орал Таңсықбаев мұрасы мен қазіргі бейнелеу өнерін байланыстыратын көркем көпір.
Бұл шығармашылық сапар, Өзбекстан мен Тәжікстанда өткен алғашқы кезең – ауқымды халықаралық жобаның бастауы ғана. «Сырлы әлемнің қырлары» симпозиум-пленэрі алдағы уақытта Қырғызстандағы Ыстықкөл өңірі мен Қазақстанның Алатау бөктерінде жалғасын табады. Қатысушылар Орал Таңсықбаевтың белгілі «Ыстықкөл кештері» (1951), «Алатау бөктері» (1956) туындыларына арқау болған табиғи аймақтарда шығармашылық жұмыстар жазады.
Жобаның қорытындысында симпозиум барысында дүниеге келген шығармалардан ауқымды көрме ұйымдастыру және келешекте каталог пен мультимедиалық материалдар әзірлеу жоспарланған.
«Сырлы әлемнің қырлары» – Орал Таңсықбаевтың шығармашылық мұрасына тағзым ғана емес, Орталық Азия халықтарын ортақ табиғат, тарих және өнер арқылы жақындастыратын ауқымды мәдени жоба. Ұлы суретшінің ізімен басталған сапар жаңа туындылардың дүниеге келуіне, кәсіби тәжірибе алмасуға және аймақтағы көркемдік байланыстың одан әрі дамуына жол ашып отыр.
Самал Мамытова,
өнертанушы,
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық
өнер музейінің ғылыми қызметкері