Непалдағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 162-ге жетті
Непалда Қытайдың Тибет автономиялық ауданымен шекаралас аумақта болған жойқын тасқыннан қаза тапқандар саны 162 адамға жетті.
Жүздеген адам әлі із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Апат 26 тамызда Гималай тауларындағы Непал–Қытай шекарасы маңында болды. Тау беткейінен опырылған мұз, тас пен лай өзенге құлап, артынша алапат тасқын елді мекендер мен тау аңғарларын басып қалған. Су үйлерді, жолдар мен көпірлерді шайып, энергетикалық нысандарды да зақымдаған.
Непалдың туризм саласындағы ресми өкілдерінің мәліметінше, 579 туристің қайда екені белгісіз. Олардың 400-ден астамы – шетел азаматтары. Жоғалғандар арасында АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания, Канада және басқа да елдердің азаматтары бар. Құтқарушылар тірі қалғандарды іздеуге тікұшақтарды жұмылдырып жатыр.
Непал полициясының өкілі Аби Нараян Кафле құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін екенін айтты. Қазір апат болған аудандарда іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Ал АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) бастапқыда тіркелген сейсмикалық дүмпудің жер сілкінісі емес екенін мәлімдеді. Мамандардың қорытындысы бойынша, сейсмикалық толқын мұздықтағы мұз бен тау жыныстарының опырылуынан пайда болған. Осы опырылу кейін жойқын лай-тас тасқынына ұласқан.
Апаттан Қытайдың Тибет аймағы да зардап шекті. Қытай мемлекеттік телеарнасының дерегінше, Гиронг уезінде кемінде үш адам қаза тапқан. Жүздеген адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
БҰҰ зардап шеккен аудандарға көмек көрсету үшін мамандар мен қажетті заттарды жіберіп жатқанын хабарлады. Непал армиясы да ең ауыр зардап шеккен аудандарға тікұшақтармен шатыр, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуде.