Қазақстандықтар несиеге жиі өтініш бере бастады
2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда негізгі несие түрлеріне сұраныс артты. Азаматтар ипотека мен автонесиеге белсендірек өтініш берсе, бизнес те қаржыландыруға жиі жүгіне бастаған.
Ұлттық банктің дерегінше, тоқсан ішінде ипотекаға берілген өтініш саны 19%-ға өсіп, 228 мыңға жеткен. Орташа несие сомасы – 21,5 млн теңге. Банктер өтініштердің 33%-ын мақұлдаған.
Автонесиеге сұраныс одан да жоғары – 20%-ға артқан. Қазақстандықтар 1,5 млн өтініш берген. Орташа сұралған сома – 7 млн теңге. Оның 18%-ы мақұлданған.
Тұрмыстық кепілсіз несиеге сұраныс шамамен бұрынғы деңгейде қалып, банктерге 15,9 млн өтініш түскен. Алайда орташа несие сомасы 10%-ға өсіп, 1,06 млн теңгеге жеткен.
Кәсіпкерлер де несиеге белсенді түрде өтініш берген. Орта бизнес 5,3 мың өтініш берсе, олардың 39%-ы мақұлданған. Ал ірі бизнесте мақұлдау көрсеткіші 65%-ға жеткен.