Өскеменде велосипед теуіп келе жатқан 16 жастағы баланы көлік қағып кетті
Өскеменде 16 жастағы велосипедшіні көлік қағып, жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы Назарбаев пен Виноградов көшелерінің қиылысында, «Металлург» сауда үйінің маңында болған.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті мәліметінше, жасөспірім Назарбаев көшесімен велосипедпен келе жатқан. Виноградов көшесіне бұрылған сәтте ол маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбеген.
Сол уақытта Назарбаев көшесінің оң жақ шеткі жолағымен Ушанов алаңына қарай түзу бағытта келе жатқан Kia автокөлігі велосипедшімен соқтығысқан.
Куәгерлердің айтуынша, соқтығысудан кейін жасөспірім басынан жарақат алып, біраз уақыт жол жиегіндегі асфальтта жатқан. Кейін өздігінен орнынан тұрған. Оқиға орнына келгендер жасөспірімді медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізген.
Полицияның мәліметінше, 16 жастағы велосипедшіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік шара қолданылған.
Аталған бап жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол жүру ережелерін бұзуына қатысты.