Live

Отбасын қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев өлім жазасына «келісетінін» айтты

Төрт адамды өлтірді деп айыпталған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын мәлімдеді. Бұл туралы 18 мамырда Атырауда өткен алдын ала сот отырысында айтылды.

Сұлтан Сәрсемәлиев

Сот барысында айыпталушы өз нұсқасын айтып, оқиғаның қалай өрбігенін түсіндірген. Еске салсақ, Сұлтан Сәрсемалиев қаза тапқандардың күйеу баласы болған.

«Мен жасаған қылмысым үшін кез келген жазаға — мейлі ол өлім жазасы болсын, мейлі өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын — дайынмын. Барлық әрекетімнің басты себебі — менің және отбасымның некемізді бұзуға бағытталған қасақана әрекеттерге жауап беруім болды», - деді сотталушы.

Сәрсемалиевтің айтуынша, жанжал отбасылық келіспеушіліктер мен әйелінің туыстарының араласуынан басталған.

«Біз әйеліммен 10 жыл бірге тұрдық. Егер арамызда үлкен келіспеушілік болса, бес баламыз дүниеге келмес еді және сонша уақыт бірге өмір сүрмес едік. Бірақ әйелімнің отбасы біздің қарым-қатынасымызға шамадан тыс әрі негізсіз араласты», - деді ол.

Айыпталушының сөзінше, жанжалдарға қарамастан, олар бірге өмір сүруін жалғастырған. Алайда әйелінің туыстары тарапынан қысым тоқтамаған.

«Олар балалар “менде де болмайды, ата-анамда да болмайды” деді. Яғни балаларымды пайдаланып, маған қысым жасады», - деді Сәрсемалиев.

Оның айтуынша, осы жағдайлар эмоционалдық және психологиялық тұрғыдан қатты қажытуға алып келген.

«Мен балаларымды анасынан да, әкесінен де, туған әжесінен де айырғым келген жоқ. Бірақ отбасымды сақтап қалуға деген барлық әрекетім таусылды. Олардың әрекеті мен сөздері мені өз-өзімді жоғалтқан күйге жеткізді. Мен моральдық әрі психологиялық тұрғыдан күйреп кеттім. Содан кейін осы қылмысты жасадым», - деді айыпталушы.

Бұған дейін сотта прокурор айыптау актісін оқып, қылмыстың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндаған болатын.

Алдын ала сот отырысы — тараптар іс материалдарымен танысып, процессуалдық мәселелерді талқылайтын және істі әрі қарай қарау тәртібі анықталатын кезең.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз