Отбасылық сот жаңаша жұмыс істейді
Әлем бойынша ювеналды институт 60-танастам елде нәтижелі жұмыс істеуде. Оның тізіміндегі Ұлыбритания, Германия, Жапония сынды ірі мемлекеттер бұл институттардың арқасында Отбасылық соттың жеке дара қызметтерінен тәжірибе жинақтап, елдер арасында үлгі беруде.
Мысалы, отбасылық құндылықтарға өте кірпияз қарайтын жапон елінде отбасы-ошаққасындағы және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзу фактілері отбасы соттарында қаралып, шешімін тауып отырады. Ал Ұлыбритания елінде отбасылық соттарда ана мен балаға, неке, отбасыға қатысты даулар заңға сәйкес шешімін табады.
Енді өз еліміздегі жағдайға келетін болсақ, бізде Отбасылық сот қанатқақты жоба ретінде 2018 жылы енгізілді. Қазақстан Жоғарғы соты сингапурлық үлгі бойынша дайындалған жобаны жүргізіп, оған жергілікті соттар, мемлекеттік органдар, әкімшіліктер және қоғамдық институттар атсалысуда. Ювеналды соттар әр саланың мамандарымен етене жұмыс істеуде. Оның ішінде түрлі мамандар бар. Атап айтсақ, психолог, нарколог, медиатор, адвокаттар дауды соттан тыс шешу, отбасы құндылықтарын арттыру, отбасылық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және балаға қолайлы әділеттілікті қалыптастыру, психологиялық, наркологиялық көмек көрсетудің алғышартын анықтау бойынша күрделі істерді ортақ қарап, бір шешімге келуде кәсіби мамандар ретінде шешім шығарады.
Жақында Отбасылық соттарды дамыту мәселелері бойынша ҚР Сот әкімшілігінің басшысы Н. Ахметзакиров кеңес өткізді. Маманның айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап заңға кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың (ювеналды соттар) соттылығын едәуір кеңейтетін түзетулер енгізіледі. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты азаматтық істердің бірқатар санаттары олардың юрисдикциясына берілді. Олардың қатарында некені бұзу және ортақ кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы мүлікті бөлу, олардан бөлек тұратын баламен жақын туыстарының қарым-қатынас тәртібін анықтау, өзге адамдардан заңсыз жүрген баланы алып қою сынды істер бар. Осыған байланысты сот әкімшілігі барлық ювеналды соттардың материалдық базасын қамтамасыз етуді жақсарту шеңберінде сот төрелігін кедергісіз және сапалы іске асыру үшін шаралар іске асырады. Сот әкімшілігі департаменттері 1 қыркүйектен бастап отбасылық соттардың жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайын екендігі туралы баяндады. Қажетті ақпараттармен пошталық және электрондық мекенжайлары облыстық соттардың сайттарында тиісті сілтемелер арқылы танысуға болатынын айтты.