Отын бағасының өсуіне байланысты әуе компаниялары рейстерді тоқтатып жатыр
Ирандағы соғыс аясында авиаотын бағасының күрт өсуіне байланысты жолаушылар алдағы уақытта рейстердің жиі тоқтатылуына дайын болуы тиіс.
Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Cirium Ltd. деректеріне сәйкес, 2026 жылы кболжанған 4-6% өсімнің орнына, тек мамыр айында әлемдік әуе компанияларының белсенділігі шамамен 3%-ға қысқаруы мүмкін.
Отын тапшылығы – негізгі себеп
Әуе тасымалдаушылардың халықаралық қауымдастығы – International Air Transport Association – Еуропадағы авиаотын қоры шамамен алты аптаға ғана жететінін мәлімдеді. Керосин тапшылығы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы және Ормуз бұғазының жабылуы салдарынан туындаған. Бұл жағдай Иран мұнайының жеткізілуіне кедергі келтірген.
Рейстер қысқарып жатыр
Жанармайды үнемдеу үшін ірі әуе компаниялары ұшу кестесін қысқартуға мәжбүр. Мысалы, нидерландтық KLM мамыр айында Амстердамдағы Схипхол әуежайынан 80 бағыттағы рейстерді тоқтататынын мәлімдеді.
Сондай-ақ United Airlines және Lufthansa компаниялары да рентабельділікке байланысты кейбір бағыттарды қысқартқан.
Германияның авиация саласындағы федералдық бірлестігі – Bundesverband der Deutschen Luftverkehrswirtschaft – «шұғыл әрі ЕО деңгейінде үйлестірілген шаралар» қабылдауды талап етті.
Сарапшылардың пікірінше, керосин тапшылығы алдымен аз жүктелетін қысқа бағыттардың уақытша тоқтауына және отынды көп тұтынатын ескі ұшақтарды жедел пайдаланудан шығаруға әкеледі. Бұл шектеулер Германия мен Еуропа экономикасына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Дағдарыс ұзаққа созылуы ықтимал
Тіпті Ирандағы соғыс жақын арада аяқталған күннің өзінде, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге айлар, тіпті жылдар қажет болуы мүмкін.