«Өзіме қызықты, уақыты ыңғайлы жұмыс іздедім»
Қазіргі таңда жастар фриланста өз бетінше еңбек етіп, оны оқуымен, негізгі жұмысымен ұштастыруға әбден үйренген. Табыс көзін тек стпиендиядан, немесе бір ғана жұмыс орнынан деп білу – ескі көзқарас. Бүгінде адамдар қол қусырып қарап отыруды жөн санамайды. Бос уақытты зая кетірмей, жаңа табыс көздерін іздеп жатады. Ол өте дұрыс. Себебі бүгінгі заман, жаңа өмір салты мен қалалық ритм соны қажет етеді. Біз дәл солай өзіне ұнайтын салада қосымша жұмыс істеп жүрген Сәуле Тұрсынқалимен әңгімелестік. Оның айтуынша табысы жақсы, ал жұмысы өте қызықты. Мобилограф Сәуленің әңгімесін назарларыңызға сол күйі ұсынамыз:
Негізі мен әуел баста мобилографияға жақсы табысы үшін және жұмыс графигінің қолайлығы үшін келдім. Себебі маған нақты бір орында, болмаса кеңседе, белгілі бір қатып қалған уақыт аралығында жұмыс істеген ұнамайды. Әрі ол өмір ритміме ыңғайсыздау. Басқа жұмыстарыммен ұштастыру да, үлгеру де қиындап кетеді. Басқа жоспарлардан толық бас тартып, аптасына бес күн, азаннан кешке дейін жұмыс істеу деген нұсқаны қарастырмадым да. Одан да кез-келген өзіме ыңғайлы уақытта екі немесе үш сағатты ыңғайлап алып, сол уақыт аралығында жұмыс істеген қолайлы. Әрі осылай жүріп те жақсы табыс табуға мүмкіндік бар. Себебі әлеуметтік желілер, парақша джүргізу, видео, фото түсірілімдер, фотосессиялар қазір өте актуалды. Нарықтың өзі осыны талап етеді. Қандай сала болсын, тіпті мемлекеттік мекемелерге дейін, коммерсиялық салалар да мобилограф іздейді. Егер шебер жұмыс істеп, жақсы нәтиже бере алсаң, табысың да соған сәкес жоғары болады. Менімше, бұл барлығына да ұнайды. Әрбір адам осындай мүмкіндік іздейді.

Осы салаға келуім туралы айтар болсам, менің мобилографяиға келгенім өткен жаздың ортасында ғана еді. Оған дейін бұл сферада тәжірибем де болмаған. Алғашқыда аса қатты қызығушылық танытпадым. Бірақ, менің айналамда мобилографтар өте көп. Тіпті өзімнің таныстарым, достарым, құрбы, жолдастарым да осы сферада жүріп, жемісін жеп жатқанын өз көзіммен көрдім. Олар бір жобадан екінші жобасына жүгіріп, бірде түсірілімдемін, бірде монтаж жасап жатырмын дегені қызық көрінетін. Әсіресе жаз уақытысында қатарластарыма қарап, қызығушылығым арта түсті. Содан соң маған да неге көрмеске деп ойлана бастадым. Ақыры нақты шешімге келдім де осы салаға бет бұрдым.
Бір айта кетерлігі алғашында менде мобилографқа қажетті қалыптасқан дағдылар болған жоқ. Ештеңеден хабарзыс едім. Тіпті, арнайы курс та, онлайн сабақтар да оқыған жоқпын. Ақырындап өзім үйреніп бастадым да ары қарай алып кеттім.
Қазіргі таңда «Шуақ продакшн» атты үлкен ортада жұмыс істеп жатырмын. Осы алғашқы жұмыс орныма келгенше менде ешқандай дағдылар болмады. Өзім адамдарды, табиғатты түсіріп, біраз іздендім. Негізі айналаны камераға таспалау маған бұрыннан ұнайтын. Базалық теория әрине болды. Бірақ осылай әуесқой түрде өзім түсіріп жүріп, процесті меңгеріп кеттім. Арпасында достарымнан сұрап, ізденіп, көрсетуін өтініп, ақыры 2-3 маңызды тәсілдерді үйреніп алдым. Монтажға қатысты да кеңестер мен лайфхактарды, әртүрлі әдіс-тәсілдерді, тиімді құралдарды жаттап алдым. Қазір мен үшін сапалы, әдемі, талапқа сай видео түсіру жеңіл әрі қызықты. Монтаж жасаудан да қиналмаймын, керісінше уақыт өткен сайын жетілдіріп жатырмын.
Кез-келген жұмысқа уақыт пен энергиядан басқа да ресурстар керек. Яғни, құралдар. Мобилографиядағы қажет болатын құралдар да телефонның өзі сияқты қарапаймын. Толығырақ айтар болсам, бәрі де телефонның өзінен басталады. Алғаш рет жұмыс іздеп, әңгімелесуге барған кезде менен сіздің телефоныңыз қандай деп сұрады. Ол кезде менде ескілеу үлгідегі смартфон болатын. Сол себептен мені жұмысқа алмады. Себебі ол камерада «3х, 5х» деген функция жоқ болатын. Алайда, мобилографияда мұндай функциялар мен арнайы эффектілер өте маңызды. Біздің жұмыстағы басты құралымыз – камера. Ол әр мобилограф үшін ең бірінші талап. Префессионалды камера болса тіпті керемет. Бірақ гаджетпен, ұялы телефонмен де сапалы дүние жасауға әбден болады. Сөйтіп, осы нәрсені түсінген соң мен соңғы үлгідегі телефонды сатып алдым. Осы сатып алуым маған үлкен табыс әкелді. Одан бөлек «стабилизатор» мен телефонға арналған штатив қажет. Және кішкентай ыңғайлы микрофон да міндетті түрде болуы керек. Біз оны «петличка» деп атап жүрміз. Ол спикердің немесе кейіпкердің дауысы анық және шусыз естілуі үшін қолданылады. Микрофонсыз түсірілген видео тыңдап отырған құлаққа жайсыздық сезімін береді. О,ан жол бермеу үшін сапалы, мықты микрофондармен жұмыс істеуге тырысамын. Осы құралдар түгел болса, ары қарай ешқандай да мәселе жоқ. «Стабилизатор» арқылы телефонды қозғалтпай, кадрды сапалы, нақты аламыз. Түрлі ракурстар мен пландар ауысқанда да осы қағида сақталуы тиіс. Онымен жұмыс істеу басқа құралдарға қарағанда үйренісуді қажет етеді. Бар болғаны осы. Көп қаражат та, уақыт та қажет емес. Қолжетімді құралдарды дұрыс қолдана алсаң болғаны.
Енді өз алдын атағы бір бөлек тақырып бар. Мобилограф жұмысындағы басты принциптердің бірі – трендтен қалмау. Мен орысша трендтері жібермей қарауға тырысамын, үнемі бақылауда ұстаймын, жаңа нәрсе іздеймін. Көршілеріміздің осы жағынан идеялық, креативтік алғырлығы бар екенін жасырмау керек. Себебі орыс тілін тұтынушылар да, одан контент жасаушылар да көп. Сәйкесінше бәсеке де биік. Әлбетте, бәсеке жүрген жерде сапа, өсу қатар жүретіні анық. Сол себептен Ресйелік блогты жиі қараймын. Әрі ол трендтерді қолдана білу де өз алдына өнер. Бәрімізге белгілі, тренд – уақытша нәрсе. Оны аудиториға қызық, өтімді кезде беріп үлгеру керек. Жылт ете қалған тренді темірді қызған кезінде соққандай өз мерзімінде қолдансаң, ол акаунттық статистикасын көтеруге, контенттің қаралымын арттыруға таптырмас тәсіл. Сондықтан да трендтерді үнемі «аңдып» отырамын. Ол үшін инстаграм, тикток, фейсбук, твиттерге дейін әртүрлі әлеуметтік желілерді тұрақты бақылауда ұстаймын. Нарықты бақылауда ұстау деген бұрыннан бар ғой. Ол барлық салалар секілді мобилографида да маңызды болып есептеледі. Ел не істеп жатыр, ел не көріп жатыр, қандай тәсілдер өтімді, не қызық – бәрі бақылауда. Бұл жерде тек өз салаңдағы, тақырыбыңдағы контентті қарау міндетті емес. Көбірек көрсең көбірек түйесің. Көп нәрсе білсең көп нәрсе жасай аласың. Осы себептен де мен шектеусіз алуан түрлі тілдегі, елдегі материалдарға шолу жасап, блогерлерді, мәтінді контентті, ұзақ, қысқа контентті де сараптап отырамын. Себебі аудитория талғампаз. Олар не болса соны көрмейді, таңдап, талғап тұтынады. Осы сұранысқа сай болу үшін басқалар не істеп жатқанынан хабардар болғаным – маман ретінде қажеттілігім. Барлығын білгенде ғана мен өзіме не керек екенін, біздің тақырыпқа қайсысы сай, қайсысы сай емес екеніне анализ жасап, қорытындыға келемін. Бұл сапаға, контент-жоспарға, алдағы динамикаға тікелей әсер етуші фактор.
Жаңа айтып өткен алғашқы жұмыс орымда әлі де жұмыс істеймін. «Шуақ продкашн» ішінде бөлек бір сектормен жұмыс істеймін. Бұл жақта менің жеке дәрігерім бар. Сол маманның «Инстаграм» және «Тикток» аккаунтын жүргіземін. Салыстырмалы түрде дәрігермен блок жүргізу күрделірек. Менің медициналық білімім болмаған соң видеоны жасау барысында, монтаждау кезінде айтылып жатқан тақырыпты білмесең де ыңғайсыздықтар, қиындықтар туындауы ықтимал. Адам өзінің не туралы жасап жатқанын түсінсе ғана аудиторияға түсіндіре алады. Айтылған ақпараттың бәрін бере де алмаймыз. Сондықтан алдымен дәрігер маманның өзімен сөйлесіп, кеңесемін. Тақырыпты талдап аламын Түсінбеген тұстарды нақтылаймын. Себебі халыққа дұрыс, оң, қатесіз ақпарат берілуі керек. Медицина өзі жауапкершілігі мол сала. Бұл жерде әрбір сөз, әрбір айтылған ақпарат, берілген фотоға дейін маңызды. Адамдар жалған ақпарат алмауы керек. Фейкке, дизинформацияға жол бермеу қажет.
Ал екінші жобам кондитерлік дүкен. Тәттілер өзім түсінетін, қарапайым сала болғандықтан мен үшін процесс жеңіл жүреді. Онда «Тикток» әлеуметтік желісіндегі трендтерді қолданып, әртүрлі креативті әуендер мен қимылдарды қосып, торттардың өзін таспалап сала беремін. Кондитерлік дүкенге келетін келушілер алдымен инстаграмдағы акаунтты ашып қарайды. Оның атауынан бастап, безендірілуі, «өзекті оқиғалар» лентасы, посттар лентасы, олардың визуалды көрінісі мен жазбалары, әрбір мәтін мен ақпарат, қажетті инфографикалардың болуы маңызды. Әрі парақшадағы белсенділік, лайктар мен пікірлер де рөл ойнайды. Сондықтан алдымен парақшаның сыртқы көрінісіне мән беремін. Одан соң контенттің қызықты болуына және жедел берілуіне көңіл бөлемін.
Қорытындылап айтқанда, мен осы екі жобамен жүріп талай жаңа нәрсе үйрендім, даму жолына түстім. Жақсы табыс тауып жүрмін. Өйткені мен бұл істі жақсы көремін. Сол секілді әр адам өзіне ұнайтын іспен айналысса, әрі ол оның негізгі уақытын алмаса – бұл өте жақсы нұсқа. Уақытым жоқ, үлгермеймін, немесе білмеймін, жасап көрмегенмін деген нәрсенің бәрі жай ғана сылтау. Шын қалаған және тырысқан адам бәрін жасай алады. Мен мұны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Қазіргі таңда табандылығымның арқасында көптеген шақыртулар да алып жатырмын. Алдағы уақытта үлкен жобалардан бой көрсете беремін.