«Пак мені мейрамханадан кейін үйге жеткізіп тастамақ болды» – Әл-Фарабидегі жол апатына куәгер қыз
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
8 маусымдағы сот процесінде қайғылы оқиғаның алдында Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлерден жауап алынды. Куәгерлер өз жауаптарында Пактың ішімдік ішкенін көрмегенін айтты.
Сот отырысында жауап берген куәгер қыз Шамахунова мейрамханаға үш адам болып келгендерін, кейін өздеріне тағы бірнеше адамның қосылғанын айтты. Оның сөзінше, дастархан басында төрт адамнан көп адам болған.
Сотта куәгер сол отырыста өзі тек ірімшік тәрелкесін және ақ шарапқа тапсырыс бергенін жеткізді. Процесс барысында оған сол күні өзге адамдардың алкогольдік ішімдікке тапсырыс берген-бермегені туралы сұрақ қойылды. Алайда ол бұл жайтқа назар аудармағанын айтты.
«Даяшылар үнемі келіп-кетіп, түрлі тағамдар мен сусындар әкеліп жатты. Мен көптен көрмеген танысыммен сөйлесіп отырғандықтан, басқалардың не тапсырыс бергенін байқамадым», – деді куәгер.
Сондай-ақ ол Александр Пактың нақты қандай тағам немесе сусынға тапсырыс бергенін көрмегенін мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, Александрдың не алғанын білмеймін, оны көрген жоқпын», – деп жауап берді куәгер.
Сот отырысында жауап берген куәгер қыз оқиға болған түні мейрамханада болған адамдардың ешқайсысы қатты мас күйде болмағанын айтты. Оның сөзінше, өзі тек ақ шарап ішкен және дастархан басында кімнің қанша алкоголь ішіп отырғанына назар аудармаған. Сондай-ақ есепшотты нақты кім төлегенін де көрмегенін жеткізді.
Куәгердің айтуынша, кеш соңында қонақтар тұраққа шығып, үйлеріне тарай бастаған. Алғашында Александр Пак оны үйіне жеткізуді ұсынғанымен, кейін басқа танысының көлігімен қайтатын болып қалған.
«Ешқандай күдік туындаған жоқ. Барлығы өзін қалыпты ұстады, ешкімнің әрекетінен қауіп байқамадым», – деді ол.
Куәгердің сөзінше, Александр Пак мейрамханадан көлігімен алғашқылардың бірі болып кетіп қалған. Ал куәгер қыз отырған көлік бірнеше минуттан кейін жолға шыққан.
Кейін олар жол бойында ауыр жол апатын көрген. Алайда сол сәтте апаттың өздерімен бірге отырыста болаған адамдарға қатысы бар екенін білмеген.
«Алғашында бұл біздің таныстарымызға қатысы жоқ шығар деп ойладық. Кейін бір жігіт хабарласып, Александрдың жол апатынан ауыр жарақат алғанын айтты», – деп мәлімдеді куәгер.
Кейін олар оқиға болған жерге барады. Оның айтуынша, оқиға орнына полиция келгеннен кейін жиналғандарды таратып, олар үйлеріне қайтқан.