Павлодар облысында 6 адам кәріз құдығына түсіп қаза тапты
Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында 6 адам кәріз құдығына түсіп, көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы жасөспірім де бар.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 20 шілде күні сағат 12:01-де болған. 6 ер адам кәріз құдығындағы электр сорғысын жөндеу кезінде қаза тапқан.
Марқұмдардың жасы 16 мен 63 аралығында. Оқиға салдарынан тағы бір азамат зардап шекті. 1988 жылы туған ер адам орташа дәрежедегі көміртегі тотығынан улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін, облыс орталығына тасымалдауды қажет етпейтінін хабарлады.
Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Полиция қылмыстық іс қозғап, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға кірісті.