Павлодар облысында мас жүргізушіге жалған жүктілік анықтамасын жасап берген полицейге 6,6 млн теңге айыппұл салынды
Павлодар облысының Ақсу қаласында жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік істі қолдан бұрмалады және пара алды деп айыпталған полиция қызметкеріне сот үкімі шықты.
Бас прокуратураның мәліметінше, көлік жүргізу құқығы жоқ әрі мас күйде жол апатын жасаған әйелге қатысты әкімшілік іс қаралған. Сотқа оның жүкті екені туралы анықтама ұсынылып, соның негізінде әкімшілік қамау жазасы айыппұлмен алмастырылған.
Алайда прокурорлар жүргізген тексеру барысында медициналық анықтаманың жалған екені анықталған.
Сот полиция қызметкерін пара алу және дәлелдемелерді бұрмалау бойынша кінәлі деп таныды. Оған 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сонымен қатар сотталған азамат арнайы атағынан айырылып, алған параның сомасы мемлекет кірісіне тәркіленді.