Павлодар облысындағы сүт фермасында алты жұмысшының қаза болуына қатысты тергеу аяқталды
Павлодар облысында «Aqtogai Milk» ЖШС аумағында алты жұмысшының қаза болуына себеп болған топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тергеу аяқталды.
Тергеу барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында жұмыс істеп жатқан кезде күкіртсутек газынан уланып, есінен танғаны анықталған. Оған көмектеспек болған әріптестері де кезек-кезек құдыққа түскен. Алайда олардың барлығы улы газдың әсеріне ұшырап, қайтыс болған.
Облыстық еңбек басқармасының мәліметінше, кәсіпорын қызметкерлері қауіпті жұмыстарды қауіпсіз орындау тәсілдеріне тиісті деңгейде оқытылмаған. Сонымен қатар жұмысшылар қажетті жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілмеген.
Кәріз құдығындағы жұмысты ұйымдастыру кезінде де қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Атап айтқанда, төтенше жағдай туындаған жағдайда әрекет ету және құтқару жұмыстарын жүргізу тәртібі жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген.
Үкіметтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыс беруші – «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінәсі 100 пайыз деп танылды. Тергеу нәтижесінде қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін бірқатар ұсыныс әзірленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді қауіптілігі жоғары жұмыстарды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе құдықтарда, резервуарларда, ыдыстарда және басқа да жабық кеңістіктерде жұмыс істейтін қызметкерлердің қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажеттігі айтылды.
Оқиға 20 шілдеде Ақтоғай ауданының Жоламан ауылындағы кәсіпорын аумағында болған. Қайғылы жағдайдан 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адам көз жұмды. Тағы бір жұмысшы ауруханаға жеткізілген.