Павлодарда 2 мыңнан астам мұғалімнің жеке деректері ашық жарияланып кеткен
Прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік сатып алу порталында облыс орталығындағы мектептердің қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізуге қатысты қызметтерді сатып алу жөнінде хабарландырулар жарияланған.
Алайда 28 білім беру ұйымының конкурстық құжаттамасында қызметкерлердің жеке деректері, сауалнама мәліметтері, тұрғылықты мекенжайлары және телефон нөмірлері ашық түрде көрсетілгені анықталды.
Мамандардың айтуынша, жеке деректердің ашық таралуы еңбек заңнамасының талаптарын бұзып қана қоймай, оларды алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін де туындатады.
Павлодар қаласы прокуратурасының қадағалау актісінен кейін 2 065 білім беру саласы қызметкерінің дербес деректері ашық көздерден жойылды. Сонымен қатар, заңбұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде заңдылық қалпына келтіріліп, бұзушылықтар жойылды және азаматтардың құқықтары қорғалды.