Павлодарда ер адам «трезвый водитель» шақырып, жүргізуші куәлігінен айрылды
Желіде ішімдік ішкен жүргізушінің көлік тізгініне отырған сәті түсірілген видео тарады. Артынша көлік жанына бірден полиция экипажы келіп тоқтаған. Оқиға Павлодарда болған.
Видеода ер адамның рөлдегі орнын басқа адамға босатып бергені көрінеді.
Жарияланым авторының сөзінше, «трезвый водитель» қызметін көрсетуші адам көлікті тұраққа қоюға қорқатынын айтқан.
«Трезвый водитель шақырдық. Мекенжайға келген соң көлікті тұраққа қоюдан қорқатынын айтты. Амалсыз көлікті өзім қойдым. Сол сәтте бірден полиция келді», - делінген жазбада.
Көлік тұраққа қойылып жатқан кезде оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келген.
Видео әлеуметтік желіге тарағаннан кейін қолданушылар полицейлер мен «трезвый водитель» қызметін көрсеткен адам арасында келісім болуы мүмкін деген болжам айта бастаған.
Полиция не дейді?
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 18 мамырға қараған түні патрульдік полиция Минина көшесіндегі аулалардың бірінде тұрған Chery Tiggo 7 Pro көлігіне назар аударған.
Полицейлердің айтуынша, көлік ұзақ уақыт тұраққа қойылмай тұрғандықтан күдік тудырған. Осыған байланысты экипаж жүргізушіні тексеру үшін жақындаған.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары ер адамның алкоголь ішкенін байқаған.
Әлеуметтік желідегі «келісім болды» деген болжамға қатысты полиция қызметкерлердің төсбелгі камераларындағы жазбаларды тексергенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, желіде тараған ақпарат расталмаған.
Сонымен қатар полиция жарияланған видео монтаждалғанын айтты. Яғни кадрларда патрульдік көлік мас жүргізуші рөлге отырған сәтте бірден келгендей көрсетілген.
Ал шын мәнінде, полиция экипажы көлікті біраз уақыт бақылап тұрған.
Жүргізуші қалай жазаланды?
Полиция мәліметінше, жүргізуші медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.
Осыған байланысты материалдар сотқа жолданып, ер адам 15 тәулікке қамауға алынды және 8 жылға жүргізуші куәлігінен айрылды.
Мұндай қатаң жаза оның медкуәландырудан бас тартуына байланысты тағайындалған.