Павлодарда есірткі қосылған көкнәрды дәмдеуіш ретінде сатып келген отбасыға үкім шықты
Павлодарда құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде заңсыз саудалаған отбасы мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер көкнәр тұқымдарын басқа өңірлерден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіп отырған. Кейін оларды дәмдеуіш пен азық-түлік өнімі ретінде сатып келген.
Құқық қорғау органдары жүргізген тінту барысында құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарының ірі көлемдегі партиясы тәркіленді.
Анықталғандай, заңсыз саудадан түскен қаржы қолма-қол ақша және банк аударымдары арқылы қабылданып отырған. Тергеу барысында ұйымдастырушының қылмыстық табысқа екі автокөлік сатып алып, оларды өзге адамдардың атына рәсімдегені белгілі болды.
Сот шешімімен қылмыстық схеманы ұйымдастырған азамат пен оның екі сыбайласы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған екі автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Ал тәркіленген 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.