Павлодарда зейнеткерлер банк бөлімшесіне жарылғыш салынған торт әкеліп, жарып жіберген
Павлодарда телефон алаяқтарының арбауына түскен егде жастағы ерлі-зайыпты банк бөлімшесіне петарда жасырылған торт әкеліп, оны клиенттерге қызмет көрсету залында жарған.
Оқиға банк ішіндегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан ерлі-зайыптының үстел жанына торт қойғаны, артынша оның ішіндегі пиротехникалық бұйымның жарылып, өрт шыққаны көрінеді.
Жарылыстан кейін зейнеткер әйел бетін жауып, орындыққа құлаған. Ұшқын жанындағы ер адамға да тиген. Салдарынан үстел зақымдалып, ерлі-зайыпты жеңіл жарақат алған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 15 шілде күні шамамен сағат 16:00-де болған. Тексеру барысында зейнеткерлердің телефон алаяқтарының құрбанына айналғаны анықталған.
Белгілі болғандай, бұған дейін ерлі-зайыпты жалған инвестициялық жобаға ақша салып, қаржысынан айырылған. Осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалып, дропперлер анықталып, жауапқа тартылған. Жәбірленушілердің қаражатын қайтару бойынша сот арқылы жұмыстар жүргізіліп жатқан.
Алайда кейін алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысқа шығып, жоғалтқан ақшаларын қайтарып береміз деп сендірген. Полицияның мәліметінше, олар егде жастағы адамдарға психологиялық қысым көрсетіп, торт пен петарда сатып алуға көндірген. Кейін олардың нұсқауымен петарда торттың ішіне салынып, банк бөлімшесінде тұтатылған.
Қазір аталған оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Зейнеткерлердің алаяқтарға нақты қанша қаражат бергені әзірге жарияланған жоқ.