Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 03 Мамыр 2024

Пайдасынан зияны көп. Ешкімге есеп бермейтін арнайы экономикалық аймақтар

1
Фото: из открытых источников

Қазақстанда кез келген өнім бағасы айлап емес, сағат санап қымбаттап жатыр. Инфляцияның жылдамдығы халықтың қалтасына салмақ болып, айлығы шайлығына жетпей, күнделікті тұтынатын тауардың өзін бөліп төлеп жатқандарды жиі кездестіреміз.

 Бағаны ауыздықтау мүмкін емес екенін түсінген шенеуніктер оның себебін сырттан келетін тауар санының көп болуымен және доллар бағамының өзгеруі, теңгенің құнсыздануы сияқты факторлармен түсіндіріп отыр. Яғни егер өнімді өзімізде шығаратын болсақ, қымбатшылыққа ұрынбайтын едік деген пікірмен билік басындағылар да келіседі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан өндіріс орындарын ашуға аз талпыныс жасаған жоқ. Кезең-кезеңімен жүзеге асқан индустрияландыру бағдарламалары туралы талай рет естідік. Бірақ бесжылдықтарды қамтыған бағдарламаларға бөлінген қаражат құмға сіңген су сияқты жоқ болды. Оның игілігін көріп, бюджеттің бүйірін толтырып тастадық деп тағы да айта алмаймыз.

Сондай жобалардың бірі – арнайы экономикалық аймақтар. Қазақстанда 14 арнайы экономикалық аймақ бар. Онда 317 өндіріс орны жұмыс істейді. Бастапқыда бұл аймақтар заманауи жоғары өнімді өндірістерді жедел дамытуға және экономика салаларында жаңа технологиялар енгізу үшін құрылған болатын. Сөйтіп, импорттың үлесін төмендету, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуі тиіс еді. Бірақ бұған дейінгі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдауға сәйкес көптеген өңірде АЭА аумағында коммерциялық жобалар яғни, автожуу, мейрамханалар, моншалар, ЖМҚБ (жанармай құю бекеті), коттедж қалашықтары салынғаны анықталды. Бұл дегеніміз – ел экономикасына үлес қосатын аймақ емес, жеке кәсіпкерлердің қалтасын қампайтуға арналған бизнес орталыққа айналды деген сөз.

АЭА-қа тартылған инвестициялар көлемі 2,7 трлн теңгеден асады. Бұл соманың ішінде болашақтың еншісі деп сақтап отырған Ұлттық қор қаражаты да бар. Арнайы экономикалық аймақтар өз жұмысын бастағалы бері оның қатысушылары бюджетке салық аударымдары түрінде 352,9 млрд теңге төлеген екен. Мысалы, 2020 жылы – 45 млрд теңге, 2021 жылы – 56,5 млрд теңге, 2022 жылы – 56,9 млрд теңге. Яғни жалпы салық көлемі мемлекеттен бөлінген барлық бюджет қаражатының 87%-ы. Ресми мәліметке сенсек, АЭА ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, Қазақстанда шығарылған өнімдерді экспорттап та үлгеріпті. Әдеттегідей есепте, қағаз жүзінде барлығы «тамаша». Бірақ іс жүзінде халық күнделікті тұтынатын өнімдер әлі де сырттан әкелінеді. «Бізде техника тұрмақ, шөлки де шықпайтын болды ғой» деп налитын себебіміз де сол еді.

АЭА ел экономикасын қарық қылмақ түгілі аймақ аумағы әлі күнге дейін су, электр қуаты сияқты инфрақұрылымға жарымай отыр. Соңғы дерек бойынша АЭА инфрақұрылымын жүргізуге мемлекеттен 402,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Бірақ 14 АЭА-тың тек үшеуінің ғана, атап айтқанда, «Оңтүстік» АЭА, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымы толық аяқталды. Ал «Астана-Технополис» АЭА мен «Turkistan» АЭА құрылғанына үш жылдан астам уақыт өтсе де, әлі жөндеу жұмыстары аяқталмаған.

Межелеген міндеттердің ешқайсысы орындалмады

Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, біздегі экономикалық аймақтардың аты затына сай емес. Олардың ешқайсысы әлі күнге дейін структуралық міндетін орындаған жоқ.

«Бұған дейін есеп комитеті жүргізген тексеріс АЭА-қа құйылған ақша мемлекеттің бюджеті есебінен екенін анықтаған. Негізінде экономикалық аймақтар жеке инвестицияға негізделуі керек еді. Жеке компаниялар АЭА аясында өз ісін өрлетіп, Қазақстан экономикасына ауқымды үлес қосуы керек. Әлемдік алпауыт компаниялармен бірлесіп жұмыс істей алатын деңгейге жету басты мақсат болған. 20 жылдан астам уақыттан бері көріп отырғанымыздай межелеген міндеттердің ешқайсысы орындалмады», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, АЭА-қа тіркелген саусақпен санарлық жеке компаниялардың өз көздегені бар. Заң аясында АЭА резиденттері жер, корпоративтік табыс, кеден, мүлік салығынан және импортқа қосымша құн салығынан босатылады. Кей жағдайда жеңілдіктің біразы шектеулі мерзімге берілгенімен, көбіне шегі жоқ. Үкіметтен осындай артықшылық берілгені үшін компаниялар өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, жаңа технологияны қолдануға – бір сөзбен айтқанда, экономиканы дамытып, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға міндетті еді. Бірақ олар жылдар бойы мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып, ақшасын алып, салықтан жалтарып, майшелпек өмір сүрді. Жылдар бойы АЭА аумағында не жарық, не жылу жоқ. Сарапшы Айбар Олжаев мемлекеттен бөлінген қыруар қаражат сонда қайда кетті деген сұрақ қояды. Расында, кейбірінің құрылғанына 20 жылдан асқан АЭА-тарға мемлекеттік аудит бір-ақ рет, яғни 2001 жылы ғана жүргізілген екен. Осыдан кейін «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң әркім ойына келгенін жасап келді.

Бас қаладағы АЭА қызығын құрылыс компаниялары көріп отыр

Арнайы экономикалық аймақтардың шығыны көп, пайдасы жоқ екенін жоғарыда айттық. Әсіресе елордадағы АЭА аясындағы жеке компаниялардың былық-шылығы әлі тиылар емес. Мысалы, соңғы бес жылда бір ғана «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жер учаскелерінің 70%-ы тұрғын үй мен тұруға арналмаған ғимараттар салуға бөлінген. Учаскелер ешқандай байқаусыз, шарттарсыз, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация немесе әкімдік арқылы беріліп келген. Ал бұл жағдай жер және кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді. Оның үстіне аталған құжат бойынша тауар өндіру немесе жаңа өнім жасау санатына жатпайтын жобаны іске асыру үшін жер учаскесін байқаусыз беруге тыйым салынған. Бірақ сөйте тұра, заңды белшеден басқан құрылыс компаниялары жер учаскесін конкурссыз алып, салық пен кедендік алымдардан босатылып, бірақ тұрғын үйді қазіргі нарықтық бағамен сатып келген.

АЭА-лар әуел баста жоспарланғандай елдің экономикалық және технологиялық дамуының драйверлеріне айнала алған жоқ. Оларға өз жұмысын көрсетуге жеткілікті уақыт, қомақты қаражат және айтарлықтай жеңілдік берілген еді. Бірақ мемлекетке атқарушы органның да, кәсіпкерлердің де жаны аши қойған жоқ.

Сарапшы, Айбар Олжаевтың сөзінше, Астанадағы АЭА IT-hub ретінде құрылған болатын. Бұған қазір онда Ресейден қашып келген компаниялар тіркеліп отыр. «Бірақ олар бізге келіп қырып-жойып жатыр деген сөз емес. Олардың Қазақстанға зауыт салып, өндіріс ошағын ашатын ойы да жоқ. Тек құжат жүзінде біздің елдегі АЭА тіркелген», – дейді сарапшы. Сөйтіп, арнайы аймақ қазақстандық кәсіпкерлердің ғана «мұртын майлайтын» орын емес, ресейліктердің де оңай олжа табатын мекеніне айналып үлгерді.

Еліміздің бас қаласында «Астана – жаңа қала» АЭА және «Астана – технополис» АЭА деп аталатын екі индустриялық парк бар. Екі парктің жұмысы 2027 және 2042 жылдарға дейін жоспарланып қойған.

«Астана – жаңа қала» АЭА портфеліне 95 жоба кіреді. Оның ішінде проблемалық, яғни аяқталмаған жобалар бар. Ең алдымен бұл – нөсер кәрізі, шаруашылық-тұрмыстық кәріз, индустриялық паркті электрмен жабдықтау сияқты мәселелерді атап өтуге болады.

«Астана Invest» ЖШС басшылығының мәліметінше, АЭА аясындағы 8 жоба әлі дайындық үстінде. Ал өндіріс тоқтап тұрған кәсіпорындардың жер учаскелерін алып қою жағы да жоспарда бар екен. Бұған қоса, алдағы уақытта құны жоғары технологиялық және импортты алмастыратын жобаларға бос учаскелер беру көзделгенін де мәлімдепті. Тіпті болашақта IT жобалар мен жаңа технологияларды жүзеге асыру үшін жаңа парк салу туралы ұсыныс та дайындап отыр екен. Бірақ бұл парк те алдыңғы екеуінің кебін кимей ме деген сұрақ басы ашық күйде қалып отыр.

Сөйтіп, Астанадағы белгілі бір бөлігі ғана жұмыс істеп тұрған екі АЭА аумағында барлығы – 299 кәсіпорын тіркелген. Бас қалада ірілі-ұсақты 807 кәсіпорын бар. Яғни АЭА астаналық кәсіпкерлердің жартысын да қамти алмай отыр деген сөз. Өйткені аймақ аясына кәсіпкерлерді тартудың бірде-бір бағдарламасы әзірленбеген, нақты стратегия да жоқ.

Оның үстіне арнайы аймақтар ел экономикасын дамытып қана қоймай, жұмыссыздық мәселесін шешуі керек еді. Бірақ бұл межелі міндет те орындалмай тұр. Мысалы, №1 индустриялық парк алғаш рет құрылған кезде 5000 жұмыс орны ашылады деген жоспар болған еді. Қазір аталған жоба аясында жұмыспен қамтылғандар саны небәрі 600 адам ғана. Яғни кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар саны өте аз.

АЭА бағдарламасы аясында экс-президенттің күйеу баласына тиесілі компаниялар да бар

Экономист Сапарбай Жобаевтың кейбір АЭА инфрақұрылымдық мәселелерінің оң шешім таппауы жергілікті биліктің жемқорлық әрекетінің салдарынан болып отыр дегенді айтады. АЭА аумағын олигархтар мен жергілікті билік өз мүддесі үшін пайдаланады. «Бұған қоса, заң бойынша арнайы экономикалық аймақтарда кен өндіру, шикізат шығарумен айналысатын кәсіпорындарды тіркеуге рұқсат жоқ. Бірақ салықтан жалтару үшін осындай қызметпен айналысатын компаниялар АЭА аясында жеңілдік алу үшін тіркеліп алған. Экономист млрдтаған қаражат бөлінсе де, сәтсіз аяқталған жобалардың есебін ешкім бермейтінін айтады.

«Осыдан 5 жыл бұрын жабылып қалған «Тұлпар Тальго» зауыты да Арнайы экономикалық аймақ аясында ашылған болатын. 8 жыл бойы жұмыс істеген елордадағы зауыт ақыры Ресейден келетін вагондардың бөлшегін құрастыратын болды», – дейді Жобаев.

Сарапшы өзге дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, арнайы экономикалық аймақтарды көптеп ашу дұрыс қадам екенін айтады. Мұндай ұйымдар тиімді жұмыс істейтін болса, Қазақстанның инвестициялық әлеуетінің жақсаруына оң ықпал ететін еді. Мәселенің мәні де тиімділік пен сапада болып отыр.

Тәуелсіздік жылдарынан бері талан-таражға түскен мемлекет меншігі мен бюджет қаражаты аз болған жоқ. Арнайы экономикалық аймақ арқылы салықтан жалтарып, үкіметтің мойнына ілініп отырған бай-бағландардың компаниялары жетіп артылады. Мысалы, QazIndustry таратқан АЭА-ға тіркелген компаниялардың ішінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың кәсіпорындары көп. Ал «Астана – жаңа қала» АЭА-да тіркелген Invest Building Operation компаниясы Назарбаевтың өзіне тиесілі. Бұл кәсіпорын құрылыс жұмыстарымен айналысады. Әрине, «Астана – жаңа қала» АЭА қатысушысы ретінде бұрынғы президенттің компаниясы да салықтан босатылды және жерді тегін алуға мүмкіндік берілді. Бұрынғы биліктің АЭА өз мүддесі үшін пайдалануының салдары ел бюджеті үшін ауыр соққы болды. Өнім өндіру былай тұрсын, билік басындағылардың компаниялары құрылыс саласындағы негізгі ойыншыға айналып, мемлекетке көк тиын да салық төлемей, шексіз-шетсіз қаражат табуға мүмкіндік алды.

Осындай жағдайдан кейін халықтың салығынан төленген АЭА жұмысына сынмен қарайтынымыз түсінікті. Ендігі өңірлерде ашылған аймақтардың да жұмысын саралайтын уақыт келгенін көріп отырмыз. Арнайы экономикалық аймақ байлардың одан сайын баюына қолайлы орын болғандықтан әлі күнге дейін елдегі өндіріс саласының дамуына бірде-бір пайда әкелген жоқ.

Айжан Қалиева

Астана