Қоғам

Перизат Қайраттың туыстары Дубайдан жеті пәтер сатып алған

Перизат Қайраттың жақын туыстарына тиесілі Дубайдағы жылжымайтын мүлікке қатысты жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды Выход к морю телеграм каналы.

Қайрат

Қолда бар мәліметке сәйкес, оның нағашы ағасының отбасы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жалпы құны шамамен 5,9 млн доллар немесе 2,67 млрд теңге болатын жеті пәтерге иелік етеді.

Мүлік Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаеваның туған ағасы Сәбит Алашбаевтың жұбайы Гүлбану Алашбаеваның атына рәсімделгені айтылады. Жылжымайтын мүлік Дубайдағы бірнеше қымбат тұрғын үй кешенінде орналасқан.

Аталған пәтерлердің кейбірі 2020-2022 жылдары сатып алынған. Бұл кезең Перизат Қайраттың қоғамдық қызметі белсенді басталған уақытпен тұспа-тұс келеді.

Жарияланған дерек бойынша, Алашбаевтар Қазақстанда ірі кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Олардың атына Астана мен Ақтөбеде екі жеке кәсіпкерлік нысаны бар, негізгі қызметі риэлторлық бағытпен байланысты.

Дубайдағы жылжымайтын мүліктің қатарында Burj Khalifa маңындағы Forte Tower II кешеніндегі екі бөлмелі пәтер, Vida Dubai Mall Tower II-дегі екі апартамент, Bellevue Towers кешеніндегі тұрғын үй және Azure Residence-тегі екі пәтер бар. Сондай-ақ Harbour Views кешенінен тағы бір нысан анықталған.

Жарияланған бағалар бойынша, ең қымбат пәтерлердің бірі Vida Dubai Mall Tower II кешеніндегі екі бөлмелі, аумағы 105 шаршы метрден асатын апартамент. Оның құны шамамен 1,12 млн доллар деп көрсетілген.

Бұған дейін осы отбасы иелігіндегі Acacia at Park Heights кешеніндегі пәтер қысқа мерзімді жалға беруге ұсынылған. Мәліметке сәйкес, ол 2020 жылы 380 мың долларға сатып алынған, кейін сатылған. Алайда оның қандай сомаға сатылғаны анықталмаған.

Перизат Қайраттың ісіне қатысты сот үкімі бойынша оның өзі мен анасы Гайни Алашбаева ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған. Сот олардың қорынан миллиардтаған теңге жымқыру және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға қатысты кінәсін анықтаған. Сонымен қатар сотталғандардың бірқатар мүлкі тәркіленген.

Ал Дубайдағы жылжымайтын мүлікке қатысты жағдайдың Перизат Қайраттың қылмыстық ісімен тікелей байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз. Пәтерлердің қай қаражатқа алынғаны және олардың Перизат Қайраттың активтеріне қатысы бар-жоғын тиісті органдар анықтауы қажет.

Сондықтан бұл мүліктердің тәркіленуі немесе оларды сатып алуға қылмыстық жолмен алынған қаражаттың жұмсалғаны туралы нақты қорытынды жасауға әзірге негіз жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз