Live

Петербург маңында дрон шабуылынан кейін Wildberries қоймасы өртенді, Мәскеу облысында бес адам қаза тапты

Санкт-Петербург маңындағы Ленинград облысының Красный Бор кентінде дрон шабуылынан кейін Wildberries қоймасы өртенді.

1

 Бұл туралы украиналық Exilenova+ және Supernova+ мониторингтік арналары, сондай-ақ жергілікті билік хабарлады.

Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконың мәліметінше, өңір аумағында 17 дрон атып түсірілген. Соның салдарынан қойма аймағына зақым келген. Бір адам жарақат алды.

Мәскеу облысында дрон шабуылынан бес адам қаза тауып, тағы алты адам жараланған. Облыс губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, негізгі зардап Чехов муниципалдық округінде тіркелген.

Новоселки өнеркәсіп аймағында дронның соққысынан бірнеше жерде өрт шыққан. Ең ірі өрт қоймада болып, кейін ашық жану толық сөндірілген. Сондай-ақ электр қосалқы станциясы мен әкімшілік ғимарат зақымданған. Ал Солнышково ауылында дрон сынықтары жеке тұрғын үй мен автокөлікке түскен.

Новоселкиде Wildberries-тің екі сұрыптау орталығы орналасқан. Украиналық және ресейлік Telegram-арналар шабуыл салдарын көрсететін фото және видеоларды жариялады.

Тверь облысында да дрон шабуылы кезінде Wildberries қоймасына зақым келген. Облыс басшысы Виталий Королевтің айтуынша, Эммаусс кентіндегі қойманың қабырғасы дрон сынықтарынан ішінара бүлінген. Қойма қызметкерлері зардап шекпеген.

Ресей Қорғаныс министрлігі бір түн ішінде Белгород, Брянск, Волгоград, Воронеж, Калуга, Курск, Ленинград, Липецк, Нижегород, Новгород, Орел, Псков, Ростов, Рязань, Смоленск, Тверь, Тула облыстарының, Мәскеу өңірінің және аннексияланған Қырымның үстінде 320 украиналық дронның атып түсірілгенін мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз