Петропавлда белгісіз тұнбадан уланған екі адам қайтыс болды
Петропавлда үш ер адам шығу тегі белгісіз алкогольді тұнбадан уланып, екеуі көз жұмды.
Үшінші науқастың жағдайы өте ауыр.
Үш ер адам ауыр улану белгілерімен қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген.
Медициналық мекеменің мәліметінше, науқастар демалыс күндері белгісіз тұнбаны ішкен. Үшеуінде де ұқсас белгілер байқалған.
"Үш науқастың да тыныс алуы қиындап, айналасындағылармен байланысы бұзылған. Біреуі бірнеше рет құсқан. Екі науқас қайтыс болды: біріншісі ауруханаға түскен күні, екіншісі үшінші тәулікте көз жұмды", – деп хабарлады аурухана өкілдері.
Үшінші ер адамның жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Медицина мамандары шығу тегі мен құрамы белгісіз сұйықтықтар мен тұнбалардың адам өміріне аса қауіпті екенін ескертті.
Мамандар уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу 103 немесе 112 нөміріне хабарласуға кеңес береді.
Оқиғаның нақты мән-жайы әзірге белгісіз.