Сараптама

Politico: Таяу Шығыстағы соғыс НАТО-ның Ресейге қарсы дайын емес екенін көрсетті

Таяу Шығыстағы соғыс Солтүстік Атлантикалық альянстың (НАТО) ірі әскери қақтығысқа толық дайын еместігін айқын көрсетті.

Украина

Politico басылымы бұл жағдайдың бес негізгі себебін атады.

Еуропадағы жоғары лауазымды әскери тұлғалар Ресейдің жақын болашақта НАТО елдеріне шабуыл жасау ықтималдығын жоққа шығармайды. Германия қорғаныс министрі Борис Писториус мұндай сценарий 2029 жылға қарай жүзеге асуы мүмкін екенін айтса, Эстония барлау қызметі мұндай қауіптің алдағы бір-екі жылда туындамауына үміт білдіріп отыр.

Сонымен қатар АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы альянстың әскери дайындықтағы әлсіз тұстарын ашық көрсеткен. Басылым дипломаттар, әскери сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйене отырып, НАТО-ның «бес әлсіз тұсын» атап өтті.

1. Оқ-дәрі тапшылығы

Иранмен соғыс НАТО елдерінде оқ-дәрі қорының жеткіліксіз екенін көрсетті. АҚШ Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған ракеталардың жартысына жуығын жұмсаған. Франция да Aster және Mica жүйелеріне арналған ракеталардың азайып бара жатқанын ескерткен.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей айына 6-7 мың дрон шығара алатынын ескерсек, НАТО-ның қымбат әуе қорғаныс ракеталары бірнеше аптада-ақ таусылуы мүмкін. Сондықтан арзан балама құралдарға, соның ішінде лазерлік жүйелерге көшу қажеттігі айтылуда.

2. Әуе күштерінің әлсіздігі

АҚШ бастаған әуе операцияларына қарамастан, Иран мыңдаған ракета мен дрон ұшыра алды. Бұл тек жаппай бомбалау арқылы қарсыласты толық жеңу мүмкін емес екенін көрсетті.

Сарапшылар НАТО-ға әуедегі үстемдік тұжырымдамасын қайта қарап, ұзақ қашықтыққа дәл соққы жасайтын қаруларға инвестицияны арттыруды ұсынады.

3. Әскери-теңіз күштерінің жеткіліксіздігі

Еуропа елдерінің Таяу Шығыстағы одақтастарына көмектесуде әлсіз болуы олардың теңіз күштерінің жеткілікті дамымағанын көрсетті.

Мысалы, Ұлыбритания әскери кемесін Жерорта теңізіне жіберу үшін үш апта уақыт жұмсаған, кейін техникалық ақауға байланысты кері қайтарылған. Сарапшылар Ресеймен ықтимал қақтығыста теңіз күштері шешуші рөл атқаратынын атап өтеді.

4. Альянс ішіндегі алауыздық

Таяу Шығыстағы соғыс НАТО ішіндегі саяси бөлінуді күшейтті. Еуропа елдері АҚШ-тың Иранға қарсы әрекеттерін толық қолдамады. Осыдан кейін Дональд Трамп альянсты ашық сынға алды.

Бұл өз кезегінде АҚШ-тың Ресеймен ықтимал қақтығыс кезінде альянсқа толық қолдау көрсетпеуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.

5. Украина факторы

Соғыс барысында Украина Парсы шығанағы елдеріне Иран дрондарына қарсы күресте көмектесу үшін мамандар жіберді. Нәтижесінде Киев араб елдерімен ұзақ мерзімді әскери әріптестік орнатты.

Сарапшылар НАТО Украинамен әскери-өнеркәсіптік байланыстарды күшейтіп, Ресеймен шекаралас аумақта дрондарға қарсы қорғаныс белдеуін құруы тиіс деп есептейді.

Жалпы алғанда, Politico сарапшылары Таяу Шығыстағы соғыс НАТО-ның қазіргі әскери мүмкіндіктері жаңа сипаттағы соғысқа толық бейімделмегенін көрсетті деген қорытындыға келген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз