Полиция рэпер De Lacure-дің мәлімдемесіне қатысты тексеруді аяқтады
Алматы қаласы полиция департаменті рэп орындаушысы Әнуар Баймұхаевтың көп жыл бұрынғы оқиға туралы айтқан мәлімдемесіне байланысты жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 20 сәуірде Алматыда жазылған ойын-сауық форматындағы шоу барысында айтылған оқиға үзіндісі әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен. Бағдарлама жүргізушісі Зарина Байболова Instagram парақшасында эфирге шақырылған қонақтың өзін оғаш ұстағанын және «зорлық туралы жиіркенішті оқиға» айтқанын мәлімдеген.
Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылау басталып, бағдарлама үзіндісі жаппай тараған.
Полицияның хабарлауынша, тексеру барысында бұл оқиғаның шоу аясында айтылған фрагмент екені анықталған. Автордың сөзінше, әңгіме 2012 жылы болған жағдайға қатысты айтылған.
Сонымен қатар Әнуар Баймұхаев әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бұрмаланғанын және ешқандай зорлық-зомбылық әрекеті болмағанын мәлімдеген.
Тексеру аясында Медеу аудандық полиция басқармасы қызметкерлері жұмыс жүргізіп, Әнуар Баймұхаев түсініктеме беру үшін полицияға жеткізілгені белгілі болды.
Полиция қылмыстық құқықбұзушылық жасалғанын растайтын объективті дәлелдер анықталмағанын хабарлады. Осыған байланысты тексеру аяқталған.