Польша мен Румыния Украинаға астық экспортын арттыруға көмектесуден бас тартты
Украина Қара теңіз арқылы жүк тасымалы қиындағаннан кейін миллиондаған тонна астықты экспорттау үшін Еуропа елдерінен көмек сұрады.
Алайда Польша мен Румыния украиналық ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзитін ұлғайтуға дайын емес екенін мәлімдеді.
Politico мәліметінше, Украинаға балама бағыттар арқылы астық тасымалдауға қосымша 1,1 млрд еуро қажет. Киев бұл қаражат тасымал шығындарының өсуін өтеуге жұмсалатынын айтып отыр.
Украинаның аграрлық саясат және азық-түлік министрі Тарас Высоцкий Брюссельге барып, Еуроодақ өкілдерімен астықты Қара теңіздің орнына Еуропа аумағы арқылы экспорттау мүмкіндігін талқылаған.
Алайда транзиттік мүмкіндігі жоғары Польша мен Румыния өз инфрақұрылымы арқылы украиналық астық тасымалын арттыруға әзір емес.
Румынияның Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі фермерлердің мүддесі басымдық болып қалатынын мәлімдеді. Бухарестің түсіндіруінше, украиналық астық көлемінің артуы мен Дунайдағы су деңгейінің төмендеуі порттарға түсетін салмақты көбейтіп, жергілікті фермерлердің өз өнімдерін өткізуіне кедергі келтіріп жатыр.
Польшаның Инфрақұрылым министрлігі де украиналық ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзитін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізуді жоспарламайтынын хабарлады.
Украина тарапының мәліметінше, экспортталмай қалған астық пен майлы дақылдар ел ішінде жиналып жатыр. Соның салдарынан фермерлер келесі жылдың өнімі үшін күздік дақылдарды егуге қажетті қаражаттан қағылуы мүмкін.
Высоцкий жағдай көктемге дейін өзгермесе, Украинадағы егістік көлемі 35-40 пайызға дейін қысқаруы ықтимал екенін айтты. Қазіргі таңда украиналық экспорттың жартысынан азы ғана Еуропаның теміржол, автомобиль және өзен бағыттары арқылы тасымалдана алады. Ал жағдай өзгермесе, Украинада биыл 35 млн тоннаға дейін жүк қалып қоюы мүмкін.
Киев Еурокомиссиядан ЕО аумағы арқылы 22 млн тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімін тасымалдауға кететін қосымша шығындарды өтеу үшін 1,1 млрд еуро бөлуді сұраған. Украина есебінше, қосымша логистикалық шығын әр тоннаға 50 еуроға дейін жетуі мүмкін.
Сондай-ақ Киев "ынтымақтастық дәліздерін" кеңейтіп, жүкті тек көршілес елдер арқылы емес, Германия мен Нидерланд порттарына дейін жеткізуді ұсынып отыр. Алайда мұндай бағыттар тасымал құнын едәуір арттырады.