Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 06 Наурыз 2024

Президент: Комиссияның еселі еңбегінің арқасында Қазақстан гендерлік теңсіздікті жою жөніндегі барлық міндеттемелерін орындап келеді

1
Фото:

Мемлекет басшысы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерін 25 жылдығына орай құттықтау хат жолдады.

Мерейтойлық датаға арналған Қазақстан әйелдері форумына Парламент депутаттары, халықаралық ұйымдар мен азаматтық сектор және халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде форумға қатысушыларды Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің 25 жылдығымен құттықтады.

«Комиссия гендерлік тендікті қамтамасыз ету, отбасы институтын нығайту және ана мен баланы қорғау ісінде ерекше рөл атқарып келеді. Бұл құрылым уәкілетті органдардың, азаматтық сектордың және бизнестің күш-жігерін тоғыстыратын тиімді мінберге айналды.

Ұлттық комиссияның сарапшылары заңдарды және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге белсенді атсалысып, маңызды әлеуметтік жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда. Кейінгі кезде елімізде әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімі жойылды, сайлау квоталары енгізілді, ішкі істер органдары жүйесінде әйел құқықтарын қорғау жөніндегі арнаулы бөлімдер құрылды. Сіздердің еселі еңбектерініздің арқасында Қазақстан бірқатар халықаралық конвенцияны ратификациялап, гендерлік теңсіздікті жою жөніндегі барлық міндеттемелерін орындап келеді. Біз әйелдердің қоғамдағы мәртебесін көтеру жене отбасы құндылықтарын дәріптеу үшін жүйелі шараларды жалғастырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет – Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасаймыз», – делінген Президенттің құттықтау сөзінде.

Форумға қатысушылар отбасылық-демографиялық саясат, әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлі, отбасыларды әлеуметтік және экономикалық қолдау, балалар құқықтары және басқа да көптеген аспектілерге қатысты маңызды мәселелерді талқылады.