Психолог түзелмей, агрессиялық мінез-құлық қалай түзеледі?
Психолог түзелмей, агрессиялық мінез-құлық қалай түзеледі?
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтарға қатысты жыл сайын қорғау нұсқамасы шығарылады. Олардың санына жетудің өзі шаруа. Өкінішке қарай, арасында соңы қоғамдық резонанс тудырған қайғылы оқиғалармен аяқталған жағдайлар да бар. Себебі Қазақстандағы өзге де мәселелер секілді, бұл да сол салдармен ғана күресетін күйінде қалып отыр.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 78 түзеу мекемесі бар. Ал мұнда 30 мыңнан астам сотталған мен тергеу-қамауға алынғандар жазасын өтеп жатыр. Осы адамдармен психологиялық жұмыс жүргізу үшін 200-ден астам психолог қызмет етеді. Бір қарағанда, бұл белгілі бір жұмыс көлемін қамтитын жүйе секілді көрінеді. Алайда мұндағы басты мәселе психологтардың жалпы санында емес. Олардың кәсіби бағыты мен бір маманға жүктелетін жұмыс көлемінде болып отыр. Мысалы, Алматыдағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі аралас №12 түзеу мекемесінде әртүрлі сипаттағы қылмыс жасаған сотталғандар жазасын өтейді. Бір қызығы, оларға психологиялық қолдау, заңнамалық өзгерістерді түсіндіру, еңбекке орналастыру, оқыту және қоғамға бейімдеу шаралары бірдей қарастырылған. Әсіресе әйелге немесе отбасы мүшелеріне күш көрсеткен, бақылау мен үстемдікті қалыпты мінез-құлық деп қабылдайтын адамдармен жұмыс жеке әдістемесі ортақ. Мұны мамандардың өзі жиі айтады. Ең қызығы, сотталғандармен психологиялық түзету мәжбүрлі емес. Яғни түзелуді қалаған адам ғана психологтың алдына барады деген сөз.
Айталық, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі 800-ден астам сотталушылармен жұмыс жүргізуге үш психолог тартылған. Олардың біреуі келісімшарт негізінде қызмет атқарады. Ал Алматы облысы мен Жетісу облысына қарасты №10 мекемеде 700-ге жуық әйел жазасын өтейді екен. Олардың арасында ұзақ жылдар тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, қиын жағдайдың салдарынан қылмысқа барған әйелдер де кездеседі. Осындай күрделі тағдырлармен жұмыс жүргізетін мекемеде небәрі екі психолог қызмет етеді.
Психологтар тапшы болып отырған түзеу мекемелері мен шартты жазада жүрген сотталғандармен жұмыс істейтін мамандардың білімі мен біліктілігі өзекті мәселе. Себебі елімізде шетелдегідей сотталғандармен психологиялық түзеу жұмысымен айналысатын мамандар арнайы тар бейінді бағытта дайындықтан өткен, қадағаланған практиканы өткерген, тәуекелді бағалай алатын кәсіби маман емес. Біздегі психологтар басқа факультеттердің ішіндегі жалпы психология кафедраларын бітіріп шығады. Кейбір оқу орындарында бұл тек пән ретінде ғана оқытылады.
Шындығында, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамдармен жұмыс жүргізуде психологтың жалпы дипломы жеткіліксіз. Шетел сарапшылары мұны әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мұндай маман агрессияның психологиялық механизмдерін, зорлық циклі мен тәуелді қарым-қатынастың ерекшеліктерін, манипуляция мен бақылау мінез-құлқын, қайталама қылмыс тәуекелін бағалауды терең меңгеруі керек. Мұндай жағдайда кез келген төрт жылдық базалық психологиялық білімі бар жас маманның агрессорлармен жұмыс істей беруі қоғам қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді деп топшылайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ведомстволық оқу орындары бағдарламаларды дербес әзірлегенімен, азаматтық жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тұран және Maqsut Narikbayev университеттерінде бұл бағыттар жалпы психология, заң психологиясы немесе девиантты мінез-құлық шеңберінде тек жекелеген пән ретінде ғана беріледі. Елде қылмыстық мінез-құлық немесе соттық психология бағытында арнайы мамандандырылған ғылыми орталықтар мен бірыңғай ұлттық жүйелі зерттеулер жоқтың қасы. Университеттер мен құқық қорғау органдары арасындағы жүйелі ынтымақтастық қалыптаспаған, ал мемлекеттік грант қаржысымен зорлық-зомбылықтың алдын алу мен отбасылық оңалтуға арналған жобалар тым аз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ассистент-профессоры Жарас Сейітнұрдың айтуынша, елімізде әлі күнге дейін дербес психология факультеті жоқ. Ал психология негізінен педагогикалық немесе философиялық факультеттер аясында оқытылады. Бұл жағдай түлектерге агрессорлармен кәсіби деңгейде, терең коррекциялық әдістермен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мамбеталина қазір отбасылық зорлық-зомбылық пен психологиялық жарақаттармен жұмыс істейтін мамандарға сұраныс жоғары екенін айтады. Сондықтан университетте «Дағдарыс психологиясы» бағдарламасы әзірленген. Өкінішке қарай, бірақ мұнда да тар бейінді психологты даярлау түгілі, жеке-дара психология факультеті де жоқ.
Халықаралық озық тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған елдер бұл мәселені академиялық және клиникалық жүйе арқылы шешеді. АҚШ, Канада, Ұлыбритания мен Аустралияда тұрмыстық зорлық-зомбылық жай ғана отбасылық жанжал емес, аса күрделі криминологиялық әрі клиникалық құбылыс ретінде қарастырылады. Сол үшін бұл салаға жалпы педагогикалық немесе бакалавриат дипломдарымен келуге заңмен қатаң тыйым салынған. Маман 4 жыл бакалавриатты аяқтаған соң міндетті түрде клиникалық немесе соттық психологияда 2-3 жылдық арнайы магистратураны тамамдауға тиіс. Магистратурадан кейін де дербес практика жасауға рұқсат етілмейді, ал толық лицензия алу үшін жас маман тағы 2 жылдан 4 жылға дейін лицензиясы бар тәжірибелі супервизордың қатаң бақылауымен мыңдаған сағаттық клиникалық жұмыс тәжірибесін жинауға міндеттеледі.
АҚШ-тың Миннесота штатындағы Domestic Abuse Project жобасының атқарушы директоры Амиртини Кифидің айтуынша, зорлық жасаған адамдармен жұмысты тек жоғары санаттағы лицензияланған психотерапевтер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен неке және отбасы терапевтері жүргізеді. Шетелдік оңалту жүйесі SARA, ODARA немесе Danger Assessment сияқты ғылыми негізделген қауіпті бағалау құралдарын, міндетті түзету курстарын, пробациялық топтық сабақтарды, босап шыққаннан кейінгі полиграф, алкотестер және көпсалалы MARAC бақылау тетіктерін толық қамтиды. Ауқымды ғылыми-зерттеулер мен мета-талдаулар көрсеткендей, бағдарламаны толық аяқтаған агрессорлардың қайталама қылмыс жасау көрсеткіші бірнеше есе төмендеп, әйелдерге жасалатын физикалық шабуылдар күрт азайған. Ал бізде әлі күнге дейін отбасын сақтап қалу желеуімен ерлі-зайыптыларды бір кабинетке отырғызып, «татуластыру» процедураларын немесе жұптық терапияны қолданады. Халықаралық тәжірибеде бұл әдіс өте қауіпті әрі жарамсыз.
Есте болса, Қазақстанда да соңғы жылдары ІІМ деңгейінде ODARA тәуекелді бағалау құралы енгізіліп, мыңдаған агрессорларға психокоррекциялық бағдарламалар тағайындалғанымен, кадрлардың кәсіби деңгейінің жетіспеушілігі бұл бастамалардың толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп жатыр.
Жарас Сейітнұрдың айтуынша, агрессиялық мінез-құлықты түзету бағдарламаларын жүргізетін мамандар өздері жұмыс істейтін ортаның ерекшелігін терең ескеруі қажет.
«Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан адаммен жұмыс істеу мен пробациялық бақылаудағы азаматпен жұмыс жүргізудің өзіндік айырмашылығы бар. Сол сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған агрессордың мінез-құлқын түзету де өз алдына арнайы әдістеме мен кәсіби даярлықты талап етеді. Алайда қазіргі оқу бағдарламалары түзеу мекемелері мен қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етуге қажетті тар бейінді біліктілікті толық қалыптастыра алмай отыр. Бұл үшін Қазақстандағы психология мамандарын даярлау жүйесіне түбегейлі өзгеріс керек. Ең әуелі жеке психология факультеті немесе Психология институты болса, бұл мәселені шешу жеңілірек болар еді», – дейді маман.
Ал біздегі бүгінгі жағдай агрессорды соттап, түрмеге жабумен шектелген. Кәсіби жүйе қалыптаспайынша, қабылданған заңдар мен өткізілген психологиялық сабақтардың тиімділігі күмән тудыра берері анық. Бүгінгі қылмысты тергеп, кешегі құрбанды жоқтап жүргенде, ертеңгі қайғылы оқиғаның алдын алуға тағы да кеш қалуымыз мүмкін. Ащы болса да, шындық – осы.
Жадыра МҮСІЛІМ