Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған 266 дерек анықталды
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған 266 дерек анықталды
Түркістан облысында жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 266 дерегі анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 дерекке көп.
Әкімдіктің мәліметінше, заңсыз жер қойнауын пайдалану деректеріне байланысты 242 жүк көлігі мен 24 арнайы техника айыптұраққа қойылған. 210 дерек бойынша мемлекетке келтірілген залал 16,5 млн теңгеге бағаланды.
Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 8,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның шамамен 4,1 млн теңгесі өндірілген.
Сонымен қатар төрт дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған заңбұзушылықтар Кентау қаласында, сондай-ақ Қазығұрт, Сайрам және Түлкібас аудандарында тіркелген.
Қазіргі уақытта мобильді топтар облыстағы 22 учаскеде тұрақты рейд жүргізіп келеді. Заңсыз әрекеттерді анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және кен орындарынан шығатын жолдарға бейнебақылау камераларын орнату мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, облыс билігі жұмыс істеп тұрған карьерлерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Әкімдік мәліметінше, кейбір нысандарда жүк өлшейтін таразылар жоқ, тасымалданатын жүктердің құжаттары толық рәсімделмейді. Сондай-ақ жүк көліктері арнайы жуу орындарынан өтпей жолға шығады.
Әкімдік шамадан тыс жүк тиеген көліктер облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын бүлдіріп жатқанын да атап өтті.
Қазіргі таңда Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 243 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 169-ы лицензия, ал 74-і келісімшарт негізінде жұмыс істейді.
Облыс билігі заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін анықтау жұмыстарын күшейтіп, мемлекетке келтірілген залалды толық өндіріп алуды тапсырды.