Путин Ресейден Қазақстанға 1 млн рубльден артық ақша шығаруға тыйым салды
Ресейден Қазақстанға ірі көлемде қолма-қол рубль алып шығу қиындай түсті.
Владимир Путин 29 қыркүйекте жаңа жарлыққа қол қойып, жеке тұлғалардың Ресейден бірқатар елге 1 млн рубльден артық қолма-қол ақша шығаруына тыйым салды. Құжат сол күні күшіне енді.
Шектеу Қазақстанмен қатар Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақтағы өзге де серіктестеріне – Армения, Беларусь және Қырғызстанға қатысты. Бұдан бөлек, жаңа тәртіп Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанға да қолданылады.
Яғни жеке тұлға Ресейден Қазақстанға бара жатқанда 1 млн рубльге дейін қолма-қол рубль алып шыға алады. Ал одан жоғары сомаға шектеу қойылады. Ереже бұзылған жағдайда 1 млн рубльден асатын бөлігі тәркіленуі мүмкін.
Дегенмен, белгіленген лимиттен жоғары соманы шығаруға мүмкіндік беретін ерекше жағдайлар қарастырылған. Ол үшін ақша Ресей Үкіметі белгілеген халықаралық әуежайлардағы өткізу пункттері арқылы шығарылуы және банктен алынған қаражатты растайтын құжаттар ұсынылуы керек.
Жаңа талап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге де қатысты. Олар үшін Ресейден аталған елдерге қолма-қол рубль шығаруға жалпы тыйым салынған, яғни шектеу нақты бір сомамен байланыстырылмаған.
Бұған дейін, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап, Ресей азаматтарына ЕАЭО елдеріне 100 мың АҚШ долларына баламадан асатын қолма-қол рубльді шығаруға шектеу қойылған болатын. Жаңа жарлық бұл шекті 1 млн рубльге дейін төмендетті және шектеу қолданылатын елдердің қатарын кеңейтті.