Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 15 Наурыз 2024

«Талтүсте Путинге қарсылық»: Ресейде президент сайлауы басталды

путин
Фото: из открытых источников

Ресейде президент сайлауы басталды. Дауыс беру үш күн бойы 15-17 наурыз аралығында өтеді.

Алғашқы участоктар Камчатка мен Чукоткада ашылды. Негізгі дауыс беру күні жексенбі, 17 наурызда болады. 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Ресей аймақтарында 94 мыңға жуық сайлау учаскелері бар, олар күн сайын жергілікті уақыт бойынша сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс беру үшін 113,5 миллионнан астам бюллетень дайындалды.

29 өңірде сайлау учаскелерімен қосымша қашықтан электронды дауыс беру ұйымдастырылды. 25 ақпаннан бастап жету қиын жерлерде мерзімінен бұрын дауыс беру, ал 1 наурыздан бастап шетелде дауыс беру өтті (бұл жерде 269 сайлау учаскесі ашылды). Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауда 2,3 миллионнан астам сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс берді.

Ресей президентін сайлау аннексияланған Қырымда және Украинаға жаппай басып кіру кезінде Ресей әскерлері басып алған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының аумақтарында да өтіп жатыр. Украина Сыртқы істер министрлігі басып алынған аумақтарда тұратын отандастарын Ресей президентінің сайлауына дауыс бермеуге үндеді. Жоғарғы Рада халықаралық қауымдастықты Украинаның басып алынған бөліктерінде Ресей сайлауының өтуін айыптауға шақырды.

Сайлауға төрт кандидат қатысуда: бесінші мерзімге ұсынылған Владимир Путин, сондай-ақ жүйе партияларының өкілдері Леонид Слуцкий (ЛДПР), Николай Харитонов (РФ Коммунистік партиясы), Владислав Даванков (Жаңа адамдар). Сайлау науқаны кезінде Путиннің бәсекелестері оны сынаудан аулақ болды. Ресей Орталық сайлау комиссиясы бірде бір оппозиция өкілін, соғысқа қарсы позициясы бар кандидатты да сайлауға жібермеді.

Қоғамдық сауалнамаға сәйкес, сайлаушылардың 70 пайыздан астамы сайлауда Путинге дауыс беруге ниетті. Meduza ақпарат көздерінің хабарлауынша, Кремльдің жоспары бойынша Путин бұл сайлауда «рекордтық нәтиже» көрсетіп, 80 пайыздан астам дауыс жинауы керек.

ОСК Калининградтағы сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден – 17 наурызда Мәскеу уақытымен 21:00-де дауыс берудің алғашқы нәтижелерін жариялайды. Сайлаудың алдын ала нәтижелері 18 наурыз күні таңертең белгілі болады.

Оппозиция не істейді?

Ресей оппозициясы сайлау кезінде«Полдень против Путина» наразылық акциясын өткізуді ұсынды. Оны Санкт-Петербург заң шығарушы жиналысының бұрынғы депутаты Максим Резник ойлап тапқан. Акцияда Путинге қарсы шыққандар сайлау учаскелеріне бір уақытта – 17 наурыз күні түскі сағат 12-де келеді деп болжанады.

«Полдень против Путина» науқанын колония болған кезінде Алексей Навальный қолдаған. Саясаткер қайтыс болғаннан кейін оның одақтасы Леонид Волков «Полдень против Путина» митингісіне қатысуды «Алексей Навальныйдың саяси өсиеті» деп атады. Марқұм Навальныйдың жақтастары сайлаушыларға Путиннен басқа адамға дауыс беруді немесе бюллетеньді бұзуды ұсынатын Photon қосымшасын шығарды.

Саясаткердің жесірі Юлия Навальная ресейліктерді «Полдень против Путина» науқанына қатысуға, ал батыс елдерін Ресейдегі сайлау нәтижелерін мойындамауға және Владимир Путинді заңды мемлекет басшысы деп санамауға шақырды.

Ал, Мәскеу прокуратурасы «Талтүсте Путинге қарсылық» акциясына қатысу Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 141-бабы («Азаматтың сайлау құқығын еркін жүзеге асыруына кедергі жасау») бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған бұқаралық іс-шаралардың өзі де, заңда белгіленген тәртіппен өткізілетін орындар да РФ қалалық атқарушы билік органдарымен бекітілмегенін, сондықтан осы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және қатысу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», - делінген ведомствоның хабарламасында.

 

Фото: Евгений Биятов/РИА Новости