Қала тілі қазақылансын десек...
Елді мекенді қала дәрежесіне көтеретін басты межелер – ондағы халықтың саны және олардың атқаратын қызметі (өнеркәсіп, мәдени, саяси-әкімшілік орталықтары) делінеді.
Кеңестік билік өткен ғасырдың 20-шы жылдарында қаланы ауылдық елді мекеннен ажырату өлшемдерін қалыптастыруды ниет еткен. Одан кейінгі кезеңдерде қаланың заңдық белгілерін қарастыру, қала кеңестерінің ұйымдасу және әрекет ету мәселелерін талдаумен ғана шектеліп отырды. Елді мекендерді қалалық елді мекен санатына жатқызудың нақты өлшемдері 1961 жылғы 6 наурыздағы «Қазақ КСРдағы елді мекендерді қала және жұмысшы поселкелері категориясына жатқызу тәртібі туралы» Жарлықпен анықталды». Сол кезде КСРО Министрлер кеңесінің арнайы Қаулысы бойынша халық саны 12 мыңнан асқан әрбір елді мекенге қала мәртебесі берілетін болған. Осы уақытқа дейін 47 қала салған Қонаев – деген түсінік қалыптастырған да сол тұс. Өйткені сол жылдары Қазақстанда 47 елді мекенге қала мәртебесі берілген. Оған себеп жоғарыда айтып өткен КСРО Министрлер кеңесінің қаулысы. Қазақстанды өнеркәсіптендіру науқанымен салынған моноқалалар: Ащысай, Қарсақпай – рудалық, Белоусовка, Зыряновск – шахтерлік, Алексеевка, Аягөз, Луговой, Мойынты – көліктік, Мақат, Қосшағыл – мұнай өндіруші қалалар мен поселкалар еді. Қарап отырсақ осы аталған елді мекендерде негізінен орыс немесе келімсек ұлттардың ұрпақтары ұйыса шоғырланған. Олар қазақты сыртқа тепті. Тіпті, оқығандарының өзіне жұмыс бермей, үнемі сырттан жұмыс күшін тасумен болды. Өйткені, мұндай үлкен кен орындары, өнеркәсіп орындары тікелей Мәскеудің қарауында болатын. Сол себепті басшы кадрлар Мәскеуден жіберілетін. Содан да болар олар көп жерлерде жергілікті ұлттың мүддесімен есептеспегені де ақиқат. Көп жерлерде ашықтан-ашық ұлттық кемсітулер де орын алды. Бір ғана мысал Кентаудағы келеңсіздік. «Ащысайполиметалл» комбинатында Әнуархан Әйменов бастаған қазақтың 43 инженер-техник жігіттерінің жергілікті ұлт өкілдерін келімсектердің кемсітуі мен жұмыстан шеттетуі жөнінде Қонаевқа жазған хаты. Бұл бұлтартпас тарихи шындық. Қарт инженер-маркшейдер, жазушы – Өскенбай Құлатайұлының «Елу жылда – ел жаңа» атты кітабында бұл жайында толық баяндалған. Осы кітапта аталмыш оқиға турасында белгілі ғалым Мәмбет Қойгелдиев ағамыздың да тамаша ой орамдары келтірілген. Міне, осы былығы толық әшкереленген соң, Димекең комбинат директоры Таракановқа Қазақстаннан ешқандай қызмет бергізбей, елден кетіреді. «Болар істің басына дегендей», – тап осы уақыттарда түрлі сылтаулармен Ресейге, Түркіменге, Өзбекстанға бөлініп берілмек болған қазақ жері үшін Хрущевпен алысып, Жоғарғы Кеңестің төрағасы қызметінен босап, Оңтүстік Қазақстан облыс исполкомының орынбасары болып істеп жүрген, Жұмабек Тәшеневтің тап келмесі бар ма? Әйтпегенде тағы кім біледі?.. Тақырыбымызға тікелей қатысы болмаса да бұл оқиғаға соқпай кету мүмкін емес. Өйткені қазақтың қаладан қашуының басты себептерінің бірі де осы болатын. Сонда бұл жерде айтылмай қалған ой қайсы дейсіз бе? Қала мәртебесі дегеніміз – қарапайым ғана ыстық су, суық судың үйіңде ағып тұруы. Ванна. Монша. Асфальтты жол. Балалардың сол кездегі таңсық астары балмұздақ пен лимонад. Ауылда отыратын қазақтың өзі «қызылсырап» қалатын да сәттері аз емес. Осындай кезде дүкен сөрелерінде толып тұратын – ет және түрлі шұжық өнімдері. Үлкен-үлкен мәдениет ошақтары. Өзі жарымаған орыстан мәдениет күткен де мәнсіздеу болар, дей тұрғанмен балабақшасы бар, басқасы бар, қалалық мәртебенің берері көп еді. «Ауылдағының ауызы сасық» деген де осы тұстары қалыптасқан болар? Осыдан келіп қазақтың тілі қала тілі, өндіріс тіліне айнала алмады. Ол кеше болатын. Ал бүгін ше? Енді қараңыз: 1. Бейнеу – 52 836 (2019) 2. Әйтеке би – 43 155 (2019) 3. Ұзынағаш – 39 416 (2019) 4. Қарабұлақ – 35 301 (2019) 5. Шелек – 34 370 (2019) 6. Шиелі 31 691 (2019) 7. Сарыкемер – 31 416 (2019) 8. Жаңақорған – 27 564 (2019) 9. Қордай – 25 507 (2019) 10. Манкент – 25 058 (2019) 11. Ақсукент – 24 491 (2019) 12. Абай – 21 221 (2019) 13. Төле би – 21 168 (2019) иә, мұның бәрі 2019 жылғы деректер. Өздеріңіз көріп отырғандай халқының саны межелі белдеуден неше мәрте асып кетсе де осы елді мекендерге қала мәртебесі берілмей келеді. Неге? Өйткені әлі күнге Қазақстан Республикасының Конституциясында қаланың құқықтық жағдайын тікелей анықтайтын арнаулы бап, бөлім немесе тарау жоқ. 47 қала жайлы қарарға қайтып оралар болсақ, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда қала мәртебесін иемденген мекен – Құлсары ғана. Онда да шетелдіктерден ұялғаннан берсе керек-ті. Басқа жоқ! Неге? Ал, керісінше кезінде орыс әскерлері мен өндіріс ошақтары болған, бүгінде мыңнан асар-аспас халқы бар қалалар: 1. Шемонайха – 18 185 (2019) 2. Макинск – 17 693 3. Зайсан – 16 414 4. Курчатов – 12 328 5. Эмба – 11 736 6. Серебрянск – 8 375 7. Булаево – 7 721 8. Сергеевка 7 703 9. Мамлютка – 6 885 10. Чарск – 6 708 11. Державинск – 5 843 12. Степняк – 3 480 13. Темир – 2 151 14. Жем – 1 647 Мінеки, салыстырып көріңіз. Ең сорақысы да кесте соңындағы екі қалаға келіп тіреледі. Ақтөбе облысы аймағында орналасқан осы екі қалашықтың өзінен ешкім қалалық мәртебесін қайтып ала алмады. Керісінше жоғарыдағы кестеде көрсетілген 52 мыңнан басталып 21 мыңнан астам халқымен аяқталатын үлкен елді мекендер қала мәртебесін ала алмауда. Қала атаулары мен жағырапиялық орналасуына назар аударсаңыз бірден көз жеткізетін нәрсе ол елді мекендердің ұлттық құрамы. Қалалық мәртебеге зәру жерлердің негізгі тұрғындары қазақтар! Мұны немен түсіндіреміз? Жоғарғы кестеде көрсетілген елді мекендерге қала мәртебесін беретін кез жетті. Мұндай жерлерге қалалық мәртебенің берері көп. Ұланғайыр қазақ даласының төрт бұрышынан төрт мегаполис жасаймыз деп жалған ұрандатудың еш қажеті жоқ. Әлемдік өлшем бойынша қарар болсақ Мегаполис дегеніміз халқының саны 4 млннан астам үлкен қалалар. Ондай қаланың бізде біреуі де жоқ. Яғни бүкіл қазақ елінің төрт бұрышында төрт қалаға жиналып отыруы керек те, қалған жерді қытайға босатып беруі тиіс пе? Керісінше сол қалалар мен серіктес қалаларды дамытқан жөн. Урбанизация дегеніміз дұрыс та шығар бәлкім? Бірақ ауыл қазақтың алтын бесігі. Ауылдан қазақты түбегейлі көшіреміз деп көпірудің де қажеті жоқ. Олай болса жергілікті жерлерде жағырапиялық-экономикалық жағдайына орайластыра кішігірім өндіріс орындарын көптеп ашу қажет. Ауыл ешқашан ешбір қоғамға масыл болған емес, керісінше сенімді қорғаны бола білді. Әлем химиялық қоспасыз таза тамаққа зәру боп отырған тұста Қазақстан өзінің агро шаруашылығымен-ақ өркендей алатыны өтірік емес. Ал қазақ тілін қала тіліне айналдыру үшін жоғарыда көрсетілген ірі елді мекендерге шұғыл арада қала мәртебесі берілуі тиіс.